МАЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫН ДАМЫТУ – АУДАН ЭКОНОМИКАСЫНЫҢ ТІРЕГІ

Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров мал шаруашылығын дамыту бағытында жұмыс жүргізіп жатқан кәсіпкерлермен кездесті. Кездесуде аудан басшысы ауыл шаруашылығы саласының, әсіресе, мал бордақылау бағытындағы жобалардың маңыздылығына тоқталып, мемлекет тарапынан қолдаулар мен мүмкіндіктерді тиімді пайдалану қажеттігін айтты.

– Мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығын қолдауға барлық жағдай жасалып отыр. Мал шаруашылығымен айналысатын шаруаларды бір орталыққа шоғырландырып, жер телімдерін бөліп бердік. Қазірдің өзінде нақты жобалар іске асып, ауданның экспорттық әлеуеті артып келеді. Бұл – бір жағынан өнім көлемінің артуына, екінші жағынан жаңа жұмыс орындарының құрылуына сеп болуда, – деді аудан әкімі Мақсат Таңғатаров.

Бүгінде ауданның 12 ауылдық округінен 231 гектар жер мал шаруашылығын дамытуға арналып белгіленген. Әр шаруаға 50 сотықтан жер бөлініп, онда малшы үйі салынып, кемінде 100-ден 500 басқа дейін ірі қара мал бордақыланатын болады. Сонымен қатар орталық мал сою бекеттерін құру да көзделуде.

Қазіргі таңда 196 мал бордақылау алаңы белгіленіп, оның ішінде 37 шаруа қожалығы құрылыс жұмыстарын бастап кеткен. Бұл жұмыстар нәтижесінде 600-ден астам жаңа жұмыс орны ашылып, аудан бойынша ет өнімінің көлемі 2 есеге артады деп күтілуде.

Кездесу барысында кәсіпкерлер өзара тәжірибе алмасып, салынып жатқан жобаларымен бөлісті. Атап айтқанда, «Мырзахан» шаруа қожалығы – 10 мың бас ірі қара малға арналған бордақылау алаңының құрылысын бастап кеткен. Жоба 20 гектар аумақты қамтиды. Мұнда мал бордақылау алаңы ғана емес, сонымен қатар мал сою, ет өңдеу және сақтау кешені де салынбақ. «Әл-Береке» ауыл шаруашылық өндірістік кооперативі – 10 мың бас ұсақ малға арналған бордақылау алаңының құрылысын жүргізуде.

Жобаларды бастаушы кәсіпкерлер өзара сұрақ-жауап форматында пікір алмасып, алдағы уақытта бірлесіп жұмыс істеуге дайын екендіктерін жеткізді. Аудан әкімдігі тарапынан бұл жобаларға тұрақты түрде әдістемелік және инфрақұрылымдық қолдау көрсетіліп келеді. Мал шаруашылығын жүйелі жүргізу арқылы Сауран ауданы алдағы жылдары аймақтық ет өндірісінің жетекші орталықтарының біріне айналмақ.

Сауран ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі

About The Author

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *