✔️Түркістан облысында бұқаралық және ұлттық спортты дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Осыған орай облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаевтың төрағалығымен өткен мәжілісте ұлттық спорт түрлері бойынша өтетін іс-шаралар сараланып, «Ақ бидай» республикалық VIII ауыл спорты ойындарына Түркістан облысы құрамасының дайындығы кеңінен талқыланды.
✔️Жиын барысында Ертай Кенжебекұлы Мемлекет басшысының ұлттық спорт түрлерін дамытуға ерекше көңіл бөліп отырғанын атап өтті.
📌– Қыркүйек айында Алматы облысында «Ақ бидай – 2025» VIII республикалық ауыл спорт ойындары өтеді. Түркістан облысы алдыңғы VII ауыл ойындарында жеңімпаз атанған. Бұл жолы да сол мәртебені сақтау үшін дайындықты күшейту қажет. Бұл жұмыстардың орындалуы бақылауда болады, – деген облыс әкімінің орынбасары жауапты басшыларға нақты міндеттер жүктеді.
✔️Сонымен қатар мәжілісте шағын футбол, волейбол, гір көтеру және «Толағай» алыптар сайысы бойынша іріктеу жарыстарын ұйымдастыру мәселелері де қозғалды.
✔️Айта кетейік, 2021 жылы Ақтауда «Ақ бидай» республикалық VII ауыл спорты ойындары өтіп, кіл мықтылар анықталған болатын. Халықаралық деңгейлерге сай бой түзеген спорт кешендерінде республикамыздың түкпір-түкпірінен келген спортшы ұл-қыздар бақтарын сынады. Нәтижесінде 195 ұпай жинаған Түркістан облысының өрендері командалық есепте бас жүлдені иеленді. Облыс спортшылары сол жетістікті қайталауды көздеп отыр.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі



