Көпшілік ортада имандылық туралы жиі әңгіме қозғалады. Данышпан Абай атамыздың қарасөздерін зейін қойып оқысаңыз, адам бойындағы асыл қасиеттерге – имандылыққа ерекше назар аударады. Біздің атадан балаға жалғасқан ұлттық тәрбиемізде ұл мен қыз баласы болсын, ес білгеннен еңбек сүйгіштікке, адамгершілік ізгі қасиеттерге, бауырмалдылыққа, батылдыққа баулыған. «Болам деген баланың бетін қақпа, белін бу», «Асыл тастан, ақыл жастаншығады» деп айтқан да басқа емес, біздің бабаларымыз. Ислам дінін қабылдамаған тым ерте замандарда ғұмыр кешкен бабаларымыздың өзі бала тәрбиесіне бірінші кезекте мән берген. Бала бойына ең ізгі, ең жақсы қасиеттерді сіңіруге барынша назар аударған. Қазақ халқының бойына атам заманнан бері сіңісіп, әбден қалыптасқан жақсы әдет, пен дағдылардың бәрі ұрпақтан ұрпаққа жетіп, мәңгілікке жалғасын табуы тиіс. Ұлтжандылықтың, туған жерге деген сүйіспеншіліктің , бауырмалдылықтың өзі де өзотбасымыздан бастау алады.
Имандылық – адамның қоғамдағы, күнделікті өмірдегі іс-әрекеттерін белгілі бір қалыпқа түсіретін рухани жол. Ол – адам бойындағы ізгіліктің көрінісі. Алла Тағала жіберген әрбір пайғамбардың міндеті имандылыққа шақыру болған.
Мұсылмандық дүниетаным бойынша имандылық – иман келтірген адамға бітетін көркем мінез. Қасиетті Құран Кәрімде: «Ер немесе әйел кісіден кім иман келтірген бойда түзу іс істесе, әлбетте оны жақсы тіршілікте жасатамыз. Әрі оларға істеген істеріне де жақсырақ сыйлық береміз» («Нахыл» сүресі, 97 – аят) делінген.
Бабаларымыз адамның имандылығына, кісілік қасиеттеріне ерекше көңіл бөлген. Қазақта: «Ит көйлегін бұрын тоздырған» деген сөз бар. Бір жылдың төлі болғандар құрдаспыз деп бір-бірімен қатты қалжыңдасып, әзілдескенімен, ата жолы мен дәстүріне келгенде өзінен бұрынырақ туылғандарға құрмет көрсеткен. Бұл да нағыз сыйластық, адамгершілік асыл қасиеттердің бір ғана көрінісі дер едік.
Адамның жарық дүниеге келуі, өсуі, ержетуі, тіршілік өтуі, қартаюы, ата мен бала арасындағы қарым – қатынас, үлкенді – кішілі сыйластық, әдептілік пен арлылық, инабаттылық сияқты қасиеттер имандылықтың құрамдас бөлігі ретінде назардан тыс қалмаған.
Аталарымыз өмірдің өзі бір мектеп екендігіне жете мән берген. Сол өмір мектебінің өзінен үйренгендері көп болған, ұрпақтарына көргенін, білгенінтаразы басына салып, ең ізгілерін үйреткен.
Ислам ілімінде бойына асыл қасиеттері бар жасты «тәрбиелі» деп, жүрегінен нұр, өңінен жылу кетпейтін, әрдайым жақсылықтыойлайтын адамды «иманды» деп атаған. Ал адам бойындағы имандылық қасиеттері мына көріністермен сипатталады:
1.Арлы
2.Инабатты
3.Қайырымды
4.Ізетті
5.Ықыласты
6.Кеңпейіл
7.Ізгі
Адамның бойында ар мен ұят болмаса, ол қандай да болмасын, адамгершілікке жат әрекеттердің бәріне барады. Өзінің бұл жағымсыз әрекеттерін өзінше жөн санайды. Дұрыс жолдан тайып, өмірден опық жесе де,өзінің қателіктерге жол бергенін мойындағысы келмейді, қателіктерінің үстіне қателік, кемшіліктерінің үстіне кемшілік жамап, бері емес, кері кетеді.
Инабатты, ізетті адамдар отбасында да, көпшілік ортада даүнемі сыйлы. Қандай да бір жақсы істі тиянақты етіп тындыруымыз үшін ең алдымен ықылас керек. Адам бойында ондай қасиет болмаса, бүгінгі ісіңіз ертеңге қалумен ешқашан бітпейді. Қазақтың «Еріншектің ертеңі бітпейді» дейтіні де сондықтан.
Қарапайымдылық, қонақжайлық, мейірімділік, кеңпейілділік, жомарттық – қазақтың қанына сіңген қасиет. Қазақ атамыз бұрын – соңды танып білмеген құдайы қонағы да құрмет тұтып күтіп, сыйлаған. Жастығының жұмсағын қолтығына тастап, көрпесінің жаңасын жамылуға берген.Қонағымен бірге шаңырағына жылылық, ырыс пен береке кіретіндігіне сенген.
Ал енді ізгі – ізгілік дегенде үнемі жақсы істерге бастамашыл болу, қолдау көрсетіп отырудың өзі де нағыз ер жігіттің азаматтығын танытады.
Иман және имандылық туралы Абай атамыз он үшінші қарасөзінде былайша ой толғайды:
Иман деген – Алла табарака уаТағаланың шәриксіз, ғайыпсызбірлігіне, барлығына уа әртүрлі бізге Пайғамбарымыз саллалаһу ғалайһи уәссәлләм арқылы жіберген жарлығына, білдіргенінемойын ұсынып ининмақ. Енді бұлиман дерлік инануға екі түрлі нәрсе керек. Әуелі – не нәрсеге иман келтірсе, соның хақтығына ақылы бірлән дәлел жүргізерлік болып, ақылы дәлел – испат қыларға жараса, мұны якини иман десе керек. Екіншісі – кітаптан оқу бірлән, яки молдалардан есіту бірлән иманкелтіріп, сол иман келтірген нәрсесіне соншалық берік боларға керек. Біреу өлтіремін деп қорқытса да, мың кісі мың түрлі іс көрсетсе де, соған айнып, көңілі қозғалмастай берік болуы керек. Бұл иманды иман таклиди дейміз.
Енді мұндай иман сақтауға қорықпас жүрек, айнымас көңіл, босанбас буын керек екен.., – дейді.
Ия, өмір деген – бәріміз үшін ең үлкен сынақ. Сондай – ақ Ұлы Абай атамыз қара сөздерінде: «Балам бала болсын десең, өнегелі тәрбие, терең білім бер, ақшаңды аяма…» дегендей ой тастайды. Өзіміздің де, әлпештеп өсірген ұл – қыздарымыздың жүрегіне де ең алдымен иман нұрын ұялатайық. Менің айтпағым осы еді.
Ж.Иркитов Бейнеткеш ауылы, Бірінші Мамыр ауылдық округі