Намаз – ислам дінінің бес негізгі тірегінің бірі. Құран Кәрім мен хадис шәріптерде намаздың абзалдығына қатысты өте көп риуаяттар келген. Сондай-ақ, намаз оқымайтындарды тозақпен қорқытатын хабарлар да жеткен. Бірақ дінде адасқан топтар намаз оқымайтын мұсылмандарды кәпір деп үкім шығарып оны өлтіруге болады, дүние мүлкін тартып алуды адал санайтын адасқан топтар тарихта болған, қазір де арамызда жүр. Осыған байланысты қоғам арасында, әлеуметтік желіде болсын мұсылмандар арасында айтыс тартыс көбейген. Бірі адасушы топты жақтаса енді бірі адасқандарды айыптап жатады. Әһлу сунна ғалымы Әбу Жағфар әт-Тахауи: «Расында Алланың Құран Кәрімде түсіргенінің барлығы және Пайғамбардан (с.а.с.) сенімді жолмен жеткен шариғат мәселелері, сондай-ак оның түсіндірмелері күмәнсіз ақиқат. Міне, осыны ақиқат деп, жүрегімен сеніп, тілімен айтқан адам иман келтірген мұсылман болып табылады» деген.
Имам Әбу Ханифа «әл-Уасия» кітабында былай дейді: «Амал иманнан бөлек, иман да амалдан бөлек». Бұған көп жағдайда мүміннің мойнынан амал жасау міндетінің түсуі дәлел болады. Бұл жағдайда одан иман түсті дей алмаймыз дейді. Мәселен, пақыр-кедейге зекет беру міндет емес деп айтуға болады. Алайда, пақыр-кедейге (зекеттің парыздығына) иман міндет емес деп айтуға болмайды». Амал міндеті кейде мұсылманның мойнынан түссе де, иманның түспегеніне қарап, ғұламалар иман мен амалдың арасын бөліп қарастырған. Егер иман мен амал бір-бірінен ажырамайтындай біртұтас нәрсе болса, амал міндеті мойыннан түскенде иман да мойыннан түсуі керек еді. Демек, иман мен амал бір емес, екі бөлек. Амал иманды толықтырып, кемеліне жеткізеді. Ал амал болмаса, иман әлсірейді. Міне, екеуінің ара-қатынасы осындай.
Ибн Хажар әл-Асқалани «Фатху әл-Бари» атты еңбегінде былай дейді: «Салиқалы сәләф ғалымдары: Иман жүрекпен сеніп, тілмен айту және діннің негіздерін орындау» – деген. Олар бұл сөздерімен амалдар иманның толығып, кемелденуі үшін шарт дегенді меңзеген.
Егер бір кісі намаздың парыздығын жоққа шығаратын болса, яғни ислам діні бойынша намаз оқу парыз амалдардың қатарына жатпайды деп сеніп, тілмен айтатын болса, ондай адамның діннен шығатындығына қатысты ғалымдар арасында талас жоқ. Ал иман ете тұра жалқаулықпен не әлдебір себеппен намазды тастау бұл үкімге кірмейді. Имам Тахауи намаз оқымау адамды діннен шығармайды деген тоқтамға келген. Имам Маликтің көзқарасында: «Егер кісі Алланың бірлігіне иман келтіріп және Пайғамбар алып келген бүкіл хабарларды мойындай тұра, бес уақыт намазды оқымаса, ондай адамның үкімі Алланың қалауында болатындығын» айтқан.
Жәбир ибн Абдулладан (р.а.) Алла Елшісінің (с.а.с): «Адамды күпірліктен және серік қосудан бөліп тұрған амал, ол – намаз», деген хадиске сүйенген адасушы топтарға ғалымдар былай жауап берген екен. Ханбали мәзһабының үлкен ғалымы Ибн Қудама: «Осы және басқа да хадистерде келген «куфр» сөзі қатаң ескерту мақсатында ғана қолданылған немесе сол ісінде (намазды тастауында) кәпірлерге ұқсады деген мағынада келген. Бұл жерде тура мағынадағы шынайы күпірлік туралы айтылып тұрған жоқ» деп түсініктеме берген. Басқа тілдердегі сияқты араб тілінде де, қандай да бір нәрсе жайлы қатаң ескерту жасау мақсатында кейбір ауыр сөздерді қолдану ерекшелігі бар. Алайда ол жерде ескертуде қолданылған сөздердің тура мағынасы көзделмейді. Сондай-ақ, Муддассир сүресінің келесі аяттарында: «Сендерді тозаққа кіргізген не нәрсе?» – (деп сұрайды), Сонда әлгілер: «Біз намаз оқитындардан емес едік. Пақыр-міскінді тамақтандырмайтын едік. Бұзықтыққа кірісушілермен бірге кіріcin жүрген едік. Қиямет күнін өтірік деген едік. Сөйтіп жүргенде ажалымыз жетті», – дейді». Намаз оқымаушыны күпірлікпен айыптаушылар аталған аятта тозақтағылар жаннаттықтардың сұрағына: «Біз намаз оқитындардың қатарында емес едік» деп жауап берді. Бұл намаз оқымаудын тозаққа алып баратын күпірлік екеніне дәлел» деген уәжді алға тартады. Алайда аталған аят намаз оқымаудың күпірлік екендігіне дәлел бола алмайды. Себебі ол аяттарда намаздан бөлек «Пақырды тамақтандырмау», «Бұзықтыққа кірісіп, Пайғамбарға (с.а.с.) және дінге тіл тигізу», «Қиямет күніне сенбеу» секілді басқа да себептер аталған. Демек олардың тозаққа кіруіне себеп болған жалғыз намаз емес. Сондай-ақ, егер бұл аятқа сүйеніп намаз оқымау діннен шығарады десек, онда «міскінге тамақ бермеген адамды» да күпірлікен айыптау қажеттілігі туындайды. Себебі аятта ол екеуі қатар айтылып тұр. Алайда пақырды тамақтандырмаған адамды ешкім күпірлікпен айыптаған емес.
Ниса сүресінің 116-аятында: «Шындығында Алла өзіне серік қосуды кешірмейді, ал одан өзге күнәні кімге қаласа, соған кешіреді» дейді. Имам Тәбари осы аятты: «Үлкен күнә жасаушы әрбір адамның істеген күнәсі Алла Тағалаға серік қосу болмаса, онда ол кісі Алланың қалауына тапсырылады, қаласа оның күнәсін кешеді, қаласа сол ісі үшін жазалайды» деп тәпсірлеген. Яғни Аллаға серік қосудан басқа, кез-келген күнәні істеген адам кәпір болмайды.
Түркістан облысы дін істері басқармасының
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің
теолог маманы Қ.Қосмаханов
16 маусым 2025 ж.


