Сауран ауданында әлеуметтік бастамаларды жүзеге асыру бағытындағы жұмыстар жүйелі жалғасуда. Осы орайда, «AMANAT» партиясы Сауран аудандық филиалының төрағасы Сағынбек Жақсыбекұлы Асылбеков Отбасын қолдау орталығына арнайы барып, орталықтың қызметімен танысты.
Кездесу барысында орталық басшысы Айжан Нұржаубайқызы мекеменің негізгі бағыттары мен жұмыс тәсілдері жайында жан-жақты ақпарат беріп, отбасылармен жүргізіліп жатқан әлеуметтік, психологиялық және құқықтық қолдау жұмыстары бойынша тәжірибесімен бөлісті. Ол отбасылық дағдарыстардың алдын алу, қиын жағдайдағы отбасыларға көмек көрсету және отбасы институтын нығайту бағытында іске асып жатқан жобалар жөнінде айтып өтті.
Тараптар «AMANAT» партиясының «Жер аманаты», «Ауыл аманаты», «Қарызсыз қоғам», «Құқықтық көмек», «Ардагерлерді ардақтайық», «Бақытты отбасы», «Кедергісіз келешек» сынды партиялық жобаларын бірге жүзеге асыру мүмкіндіктерін талқылады. Кездесуде әсіресе отбасы институтын қолдауға бағытталған «Бақытты отбасы» және мүмкіндігі шектеулі жандарға жағдай жасауға арналған «Кедергісіз келешек» жобаларының өзектілігі ерекше аталып өтті.
Мұндай өзара ынтымақтастыққа негізделген кездесулер отбасылық құндылықтарды насихаттауға, азаматтардың өмір сапасын арттыруға және әлеуметтік мәселелерді бірлесе шешуге бағытталған нақты қадам болып табылады. Алдағы уақытта бұл бағыттағы іс-шаралар жалғасып, қоғамның әлеуметтік тұрақтылығын нығайтуға өз үлесін қоспақ.

