Сауран ауданының Жібек жолы ауылында «AMANAT» партиясының аудандық филиалының ұйымдастыруымен жергілікті шаруақожалық иелерімен кездесу өтті. Бұл іс-шара партияның «Ауыл аманаты» жобасы аясында ауыл тұрғындарының экономикалық белсенділігін арттыру, ауыл шаруашылығын дамыту мен кооперация құруды ынталандыру мақсатында ұйымдастырылды.
Кездесу барысында жоба мақсаты мен оны жүзеге асыру тетіктері кеңінен түсіндірілді. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығымен айналысатын азаматтарға берілетін жеңілдетілген несиелер, оның шарттары мен талаптары туралы толыққанды ақпарат ұсынылды. Шаруаларға қажетті құжаттар топтамасы, өтініш беру тәртібі және қарау мерзімі туралы нақты мәліметтер берілді.
Сондай-ақ, жоба аясында ұжымдық кооперация құрудың тиімділігі, өнімді өткізу тетіктері, логистика мен нарыққа шығу жолдары талқыланды. Тұрғындардың табысын арттыру бағытындағы қолдау шаралары да айтылып, ауыл экономикасының тұрақты дамуына серпін беру тетіктері қарастырылды.
Кездесу кезінде ауыл тұрғындары өз сұрақтарын қойып, жобаға қатысты пікірлері мен ұсыныстарын білдірді. Барлық сұрақтарға нақты әрі түсінікті жауаптар берілді. Жиын соңында қатысушыларға жоба шеңберінде көрсетілетін кеңес беру және қолдау қызметтерін қалай алуға болатыны туралы ақпараттық материалдар таратылды.
Мұндай кездесулер алдағы уақытта да аудан көлемінде жалғасатын болады.
