2025 жылғы 25 шілде күні Төлеби ауданы, Киелітас ауылдық округі, Достық елді мекені тұрғындарының жерге қатысты шағымы негізінде құрылған жұмысшы топ ауылға арнайы келіп, шағымда көрсетілген 1,3 гектар жер телімін көзбен көріп, жер жағдайымен танысты.
Жұмыс тобы құрамында:
«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасының Полат Тұрсынбаевтан өзге Түркістан облыстық жер қатынастары басқармасынан, облыстық және аудандық мәслихат депутаттары, жер қатынастары және сәулет құрылыс бөлімдері, прокуратура, төтенше жағдайлар және өзге де тиісті мекемелер өкілдері болды.
Шағымданушы тұрғындар мен жер телімінде құрылыс жүргізіп жатқан кәсіпкер N16 Шоқан Уәлиханов атындағы жалпы орта мектеп ауласындағы ашық көлеңкелі алаңда (беседкада) бас қосты.
Пікір алмасу барысында тараптар өзара түсіністікке келді. Кәсіпкер өз тарапынан салынып жатқан ғимарат сыртынан балаларға арналған ойын алаңын салуға, ал аудан әкімінің орынбасары мен облыс мәслихат депутаты қарама қарсы мектептің ауласынан Наурыз мерекесі мен мәдени шараларға арналған алаң бөлінетінін мәлімдеді. Бұл бағытта олар тиісті жұмыстар атқаратындықтарын жеткізді.
Бұл ұсынысты ауыл биі, тұрғындар және жұмысшы топ мүшелері құптап, өзара келісім хатталып, ақсақалдар батасын берді.
Осы келісімнің жүзеге асуына Киелітас ауылдық округінің әкімі Баймырза Адамбекұлының рөлі ерекше. Жер дауына байланысты күрделі мәселені ушықтырмай, медиациялық жолмен шешуге ұсыныс жасап, екі тарапқа да тиімді нұсқаны нақты жеткізе білді. Жас әкімнің осы іскерлігі тұрғындар тарапынан да, жұмысшы топ мүшелері тарапынан да оң бағасын алды.
2025 жылғы 13 шілдеде ауыл тұрғындарының тікелей дауыс беруімен сайланған жас әкім, аз уақыт ішінде ел мүддесін қорғай білетін іскер басшы екенін көрсетті.
Тараптар арасындағы өзара келісімге келуде медиациялық тәсілді ұсынуымен және екі жаққа да тиімді ұсыныс жасаудағы тапқырлығымен Баймырза Адамбекұлының бастамашылдығы көпке үлгі боларлық деп бағалаймын.
Жер дауына байланысты туындаған мәселе «Жер Аманаты» жобасы аясында зерделеніп, нақты шешім қабылданды. Тұрғындар өтініші назардан тыс қалмай, өзекті жайт әділ шешімін тапты.
AMANAT партиясы қоғамдық резонанс тудырған мәселелерге бейжай қарамай, әр тұрғынның үніне құлақ түріп, нақты істермен шешуге ықпал етуді жалғастыра береді.





