✔️Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаровтың төрағалығымен кезекті апталық аппараттық мәжіліс өтті. Жиынға аудан әкімінің орынбасарлары, дербес бөлім басшылары, ауылдық округ әкімдері және мекеме жетекшілері қатысты.
✔️Аппараттық мәжілістің күн тәртібіне екі негізгі мәселе шығарылды. Тұрғындарды табиғи газ жүйесіне қосу жұмыстарының барысы қаралды. Бұл бағыттағы баяндама жасаған «Сауран ауданының Газ қызметі» КММ директоры Кенжебай Жақсылықов атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарларға тоқталды. Оның айтуынша, бірқатар ауылдық округтерде газдандыру жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілуде.
✔️Екінші мәселе аудан экономикасы мен қаржысына қатысты болды. Экономика және қаржы бөлімінің басшысы Ильяс Мырзахметов индикаторлық жоспардың орындалуы мен аудандық бюджеттің үшінші тоқсандағы болжамды игерілуі жөнінде баяндады. Ол негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің орындалу деңгейін баяндап, қаржы игерудегі көрсеткіштерді атап өтті.
✔️Мақсат Таңғатаров баяндамаларды тыңдағаннан кейін бірқатар нақты тапсырмалар берді. «Газдандыру — тұрғындар өмір сапасын арттыратын ең маңызды мәселе. Бұл жерде салғырттыққа жол берілмейді. Әр ауылдық округте тұрғындарды дер кезінде қосу үшін нақты іс-шаралар атқарылсын. Жұмыстың әр кезеңін күн сайын бақылауда ұстау қажет. Ауыл әкімдері бұл бағыттағы жұмыстарды жеке бақылауға алып, мерзімінде шешуді қамтамасыз етсін», — деді аудан әкімі.
✔️Қаржы мәселесіне тоқталған әкім бюджеттік қаражаттың игерілуіне ерекше назар аударды. «Әрбір тиын халықтың игілігіне жұмсалуы тиіс. Жоспарланған қаражат толық әрі уақытылы игерілмесе, бұл — жауапсыздықтың белгісі. Қаржының игерілуі бойынша әр айдың қорытындысы жария түрде қаралады. Тиісті бөлім басшылары бұл жұмысты созбалаңға салмай, нақты нәтижесін көрсетсін. Барлық тапсырмалардың орындалуын өзім қатаң бақылауға аламын», — деп қадап айтты Мақсат Таңғатаров.
✔️Жиын соңында аудан басшысы жауапты сала жетекшілеріне және ауыл әкімдеріне тапсырмалардың мерзімінде әрі сапалы орындалуын қамтамасыз етуді жүктеді. Сонымен қатар, әкім аудандық аппарат жұмысында тәртіп пен жауапкершілікті арттыру қажеттігін ерекше атап өтті.
©️Сауран ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі




