Сауран ауданы әкімдігінде аудан әкімі тұрғындарды жеке қабылдап, олардың әлеуметтік жағдайына, баспана және жер қатынастарына байланысты бірқатар өзекті мәселелерін тыңдады. Қабылдау «AMANAT» партиясымен бірлесіп ұйымдастырылып, оған партияның аудандық филиал төрағасы Сағынбек Асылбеков қатысты.
Қабылдауға алты азамат жазылып, әрқайсысының ұсыныстары мен өтініштері жеке-жеке қаралды. Аудан әкімі Мақсат Таңғатаров тұрғындарды мұқият тыңдай отырып:
«Әрбір тұрғынның мәселесі — біз үшін маңызды. Қабылдауда көтерілген сұрақтардың барлығы назарға алынып, тиісті бөлімдерге нақты тапсырмалар беріледі. Басты мақсат — заң аясында халықтың мұқтажына қолдау көрсету», — деді.
Қабылдау барысында білім саласына жұмысқа орналасу, жер телімін заңдастыру, көпбалалы отбасының тұрғын үймен қамтамасыз етілуі, мүмкіндігі шектеулі баласы бар отбасыға баспана беру, заңсыз салынған тұрғын үйді заңдастыру, ардагерлер кеңесінің қызметіне байланысты ұсыныстар сынды мәселелер қозғалды.
Әрбір мәселе бойынша жауапты бөлімдердің өкілдері түсініктеме беріп, шешу жолдарын атады. Білім бөлімі мен «Мансап» орталығы — жұмысқа орналасу бойынша бағыт-бағдар ұсынып, тиісті кеңестер берді. Жер қатынастары бөлімі — жер телімдерін заңдастыру рәсімдері заң талаптарына сәйкес жүргізілетінін жеткізді. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі — баспанаға мұқтаж отбасылардың өтініштері арнайы кезек тәртібімен қаралатынын түсіндірді. Ал әкімдік жанындағы ардагерлер кеңесіне қатысты ұсыныстар қолданыстағы нормативтер негізінде зерделенетін болды.
Жиын соңында аудан әкімі:
«Барлық ұсыныс ескерусіз қалмайды. Әр бөлім өз құзыреті аясында жауапты. Азаматтардың өтініштері қатаң бақылауға алынып, орындалуы бойынша тиісті жұмыстар жүргізіледі», — деп атап өтті.






