Сауран ауданының Бабайқорған елді мекенінде аудан әкімі Мақсат Таңғатаровтың тапсырмасына сәйкес, су тасқыны мен табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алуға бағытталған ауқымды оқу-жаттығу өтті.
Аталған оқу-жаттығудың негізгі мақсаты – аудан аумағында төтенше жағдайлар кезінде жедел әрекет етуге жауапты қызметтердің үйлесімділігін тексеру, су тасқыны қаупі туындаған жағдайда тұрғындарды көшіру, инженерлік және азаматтық қорғау құрылымдарының дайындық деңгейін арттыру болып табылады.
Оқу-жаттығу барысында ауданның жергілікті атқарушы органдары, төтенше жағдайлар бөлімі, полиция және медициналық қызмет өкілдері өздерінің іс-қимыл дайындығын көрсетті.
Сценарий бойынша Жаңақорған өзенінің су арнасы күрт көтеріліп, жақын маңдағы үйлерге қауіп төнген жағдайда тұрғындар дереу эвакуацияланды. Сонымен қатар, су басу қаупі бар аймақтарда бөгеттерді нығайту, инертті материалдармен арнаны бекіту және техникамен қамтамасыз ету жұмыстары пысықталды.
Аудан әкімі Мақсат Таңғатаров оқу-жаттығу барысын бақылап, тиісті қызметтердің үйлесімді іс-қимылына жоғары баға берді.
– Төтенше жағдайлар еш ескертусіз орын алуы мүмкін. Сол себепті барлық қызметтердің дайындығы мен тұрғындардың қауіпсіздігі — басты назарда болуы тиіс, — деді аудан басшысы.
Іс-шара қорытындысында аудандық азаматтық қорғау комиссиясы тарапынан атқарылған жұмыстарға талдау жасалып, төтенше жағдайлардың алдын алу және жою бағытында нақты тапсырмалар берілді.

