✔️Сауран ауданы кәсіпкерлік саласында тағы бір айтулы жетістікке қол жеткізді. Биыл Қазақстан Республикасы Президентінің «Алтын сапа» сыйлығын алуға арналған конкурс, «Қазақстанның үздік тауары» республикалық конкурс-көрмесі және «Адал Азамат» премиясы бойынша аудан кәсіпорындары үздік деп танылып, ұлттық деңгейде жоғары марапаттарға ие болды.
✔️Қазақстан Республикасы Президентінің 2006 жылғы Жарлығына сәйкес жыл сайын өткізілетін «Алтын сапа» конкурсы еліміздің ең үздік өндіріс орындарын анықтауды мақсат етеді. Конкурс талаптарына сәйкес сапа менеджменті жүйесі, өнімнің жоғары стандарттарға сәйкестігі және инновациялық шешімдер басты назарға алынады. Биылғы жылдың қорытындысы бойынша Сауран ауданынан «Ақниет Holding» мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігі «Іскер 2025» арнайы номинациясының жеңімпазы атанды. Кәсіпорын мектеп және корпустық жиһаз өндірісімен айналысады. Басшысы — Бақтыкерей Омар Арсенұлы.
✔️Сонымен қатар, 2025 жылы өткен «Қазақстанның үздік тауары» республикалық конкурс-көрмесіне 180 кәсіпорын қатысып, нәтижесінде «Халыққа арналған үздік тауарлар» номинациясы бойынша 9 кәсіпорын жеңімпаз деп танылды. Солардың ішінде Сауран ауданын танытқан «Sem Brand» жеке кәсіпкерлігі бар. Кәсіпорын металл қаңқалы үстелдер мен орындықтар өндірісімен айналысып, аймақтық және республикалық нарықта тұрақты сұранысқа ие өнім шығарып келеді. Басшысы – Абилов Бабыр Шереханұлы.
✔️Бизнес саласындағы жоғары этикалық стандарттарды дәріптейтін «Адал Азамат» премиясы да өңір кәсіпорнына бұйырды.«Идеал Туркестан» ЖШС биылғы марапатқа лайық деп танылды. Пластик жиһаз өндіретін кәсіпорын экологиялық технологияларды қолдану, ашықтық қағидаларын сақтау және қоғам алдындағы жауапкершілікті арттыру бағытында үздік тәжірибеге ие. Кәсіпорын директоры — Айметов Шамшиддин Абдумажитұлы.
✔️Сауран ауданы әкімдігі аталған үш кәсіпорынды республикалық деңгейдегі маңызды марапаттарымен құттықтайды. Бұл табыстар ауданымыздағы кәсіпкерліктің қарқынды дамуының, сапалы өнімге деген сұраныстың артуының және адал еңбек принциптерінің орнығуының нәтижесі болып табылады. Аудан алдағы уақытта да жергілікті кәсіпорындарды қолдап, олардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған жұмыстарды жалғастырады.
©️Сауран ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі



