✔️Түркістан қаласында Ауыл шаруашылығы, тамақ және өңдеу өнеркәсібі қызметкерлері күніне арналған «AGROFEST TÚRKISTAN – 2025» мерекелік іс-шарасы жоғары деңгейде өтті. Шара аясында өңір диқандары өндірген 300 тоннадан астам ауыл шаруашылығы өнімі ұсынылған кең көлемді жәрмеңке ұйымдастырылды. Сонымен қатар қайта өңдеу кәсіпорындарының көрмесі, «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы жүзеге асқан жобалар мен өнімдер паш етілді. Көрмеде облыста өндірілетін табиғи және экологиялық таза өнімдердің кең таңдауы көпшілік назарына ұсынылды. Сауран ауданы да жәрмеңкеге белсенді қатысып, жергілікті шаруа қожалықтарының бірнеше түрлі өнімдерін ұсынды. Аудан атынан жеткізілген өнімдердің сапасы мен табиғилығы көрмеге келген қонақтардың қызығушылығын арттырды.
✔️Салтанатты жиынға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, ауыл шаруашылығы саласының ардагерлерін, еңбеккерлерін және сала үздіктерін кәсіби мерекемен құттықтады. Ол өз сөзінде агросаланың өңір экономикасындағы маңызын атап өтіп, жыл сайынғы өсім мен жаңа жобалардың жүзеге асуына үлес қосып жүрген азаматтарға алғыс білдірді. Мерекеде ауыл шаруашылығы саласының үздіктеріне ҚР Президентінің, ҚР Премьер-министрінің, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің және облыс әкімінің марапаттары табысталды.
✔️Сауран ауданынан биыл үш азамат ауыл шаруашылығы саласындағы еңбегі үшін облыстық деңгейде марапатталды. Атап айтқанда, «Turkistan Fruit» ЖШС өкілі Биетов Нұрахмет Мұхаметжанұлы ҚР Президентінің “Ерен еңбегі үшін” медалімен марапатталса, «Туған жер» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бимаханбетов Бақытжан Елтайұлы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Еңбек ардагері» медалін иеленді. Сондай-ақ «Еркебұлан» шаруа қожалығының төрағасы Бекеев Еркебұлан Өмірбекұлы облыс бойынша «Жылдың үздік шопаны» атанды.
✔️Айта кетейік, 2025 жылы Түркістан облысында ауыл шаруашылығы дақылдары 907 мың гектарға егілді. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 34 мың гектарға артық.
Сондай-ақ өңірде су үнемдеу технологиялары 59 мың гектарға жаңадан енгізіліп, жалпы көлемі 114 мың гектарға жетті.
✔️Мақта шаруашылығында да айтарлықтай өзгерістер бар: жаңа әдіспен 52 мың гектарға мақта егіліп, өнімділік екі есеге артты. Өңірде құны 201 млрд теңгелік мақта-тоқыма кластерін құру жобасы қолға алынған. Бұл бастамалар нәтижесінде алдағы уақытта 7000-нан астам жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда.
©️Сауран ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі





