ПОЛИЦИЯ БАСҚАРМАСЫНЫҢ 2025 ЖЫЛҒЫ ҚЫЗМЕТ ҚОРЫТЫНДЫСЫ БОЙЫНША ЕСЕП БЕРУ КЕЗДЕСУІ ӨТТІ

Бүгін Түркістан қалалық «Мәдениет үйінде» Түркістан қаласы Полиция басқармасының бастығы Нысанбаев Жасұлан Қаржаубайұлының халық алдында есеп беру кездесуі өтті.

Жиынға қала тұрғындары, қоғам белсенділері мен сала өкілдері қатысып, құқық қорғау органдарының өткен жылғы жедел-қызметтік жұмыстарының қорытындылары таныстырылды.

Кездесу барысында 2025 жылдың 12 айындағы жедел-қызмет нәтижелері сараланып, қала аумағындағы криминогендік ахуалдың бірқатар бағыттар бойынша жақсарғаны атап өтілді. Атап айтқанда, ауыр және аса ауыр қылмыстардың ашылу деңгейі 86,0 пайызды құраса, ауыр қылмыстар бойынша ашылу көрсеткіші 85,6 пайызға жеткен. Ұрлық қылмыстарының тіркелуі 15,0 пайызға төмендеп, 113 деректен 96-ға қысқарған. Сондай-ақ пәтер ұрлығы 53,8 пайызға азайып, 26 деректен 12 дерекке дейін төмендеген.

Сонымен қатар қоғамдық орындарда жасалған қылмыстар өткен жылмен салыстырғанда 14,9 пайызға, көшелерде жасалған қылмыстар 6,1 пайызға, ал отбасы-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқықбұзушылықтар 22,5 пайызға төмендегені хабарланды.

Кездесуде қазіргі таңда өзекті мәселелердің бірі болып отырған интернет-алаяқтық қылмыстары да қозғалды. 2025 жылы Түркістан қаласында 204 тұрғын интернет-алаяқтардың әрекетінен зардап шеккен. Осыған байланысты полиция қызметкерлері интернет-алаяқтықтың алдын алу бағытында кешенді профилактикалық шараларды күшейтіп, тұрғындар арасында кең көлемді түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер арқылы алдын алу сипатындағы бейнематериалдар тұрақты түрде таратылып келеді.

Жиын қорытындысында Полиция басқармасының бастығы Жасұлан Қаржаубайұлы қалада қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, құқықбұзушылықтардың алдын алу және қылмыс деңгейін төмендету бағытында жүйелі жұмыстар жалғасатынын атап өтті.

Сондай-ақ полиция қызметінің тұрғындарға әрдайым көмек көрсетуге дайын екендігін айтып, азаматтарды заң талаптарын сақтауға және күмәнді жағдайлар бойынша құқық қорғау органдарына дер кезінде хабар беруге шақырды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *