РАМАЗАН АЙЫ ҚҰТТЫ БОЛСЫН!

Қадірлі Төлеби жұрты, құрметті жерлестер!

Сіздерді исі мұсылман баласы асыға күтетін, он екі айдың сұлтаны болған қасиетті Рамазан айының келуімен шын жүректен құттықтаймын! Әр шаңыраққа бірлік пен береке, бақыт пен шаттық тілеймін! Рамазан айы құтты, берекелді болсын!

Алла Тағала қасиетті Құранда: «Уа, иман келтіргендер! Өздеріңе дейінгі қауымдарға парыз етілгендей тақуалыққа жетулерің үшін сендерге де ораза ұстау парыз етілді» («Бақара» сүресі, 183-аят) деп баяндайды. Шариғатымыз бойынша балиғатқа толған, ақыл-есі дұрыс әрбір мұсылманға Рамазан айында ораза ұстау – парыз. Алайда жолаушылар, науқас жандар мен сырқаты асқынып кетуінен қауіптенген адамдар, сондай-ақ жүкті немесе емізулі баласы бар әйелдер ораза ұстауды кейінге қалдыруына болады. Бұған шариғатымыз рұқсат береді.

Биылғы Рамазан айы 2026 жылдың 19 ақпанында бастау алмақ, 18 ақпаннан бастау ауданымыздың барлық мешіттерінде тарауих намазы оқылады. Сауаптар еселенетін қасиетті айды тақуалықта, құлшылықта өткізу әрбір мұсылман қауымы үшін міндет.

Рамазан айының қадірі мен қасиетін терең түсінген ізгілер оразаға алты ай қалған сәттен бастап: «Раббымыз, бізді Рамазан айына аман-есен жеткізе гөр!» – деп дұға жасаған. Сан ғасырдан бері Ислам дінін рухани тірегі еткен халқымыз берекелі Рамазан айын ерекше дайындықпен күтеді. Сауаптар еселеніп жазылатын айда ауызашар беріп, көмекке мұқтаж жандарға пітір садақасын үлестіріп, үлкендердің алғысы мен батасын алуға тырысады. Оразада игі ниетпен орындалатын ізгі амалдар бүгінде салт-дәстүрімізге айналып, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келеді.

Рамазанда ауыз бекіткен исі мұсылман баласы өзін ішіп-жеуден ғана шектемей, жаны мен тәнін жамандықтан сақтап, ізгілікке ұмтылады. Іс-әрекетін мұсылманға тән әдеп аясында орындауға тырысады. Өйткені Рамазан – кез келген ізгі амалды риясыз ниетпен жасауға тәрбиелейтін, адамды тақуалыққа үйрететін ай.

Рамазан – Раббымыздың мейірім-махаббатына бөленетін ай. Берекелі, сауабы мол айда Алланың мейіріміне бөленіп, әрбір ізгі амалымыздың жақсылығы еселеніп жазылғай! Еліміз аман, жеріміз тыныш, тәуелсіздігіміз баянды болғай! Жаратушы Жаббар Иеміз келер жылғы ораза айына аман-есен жетуімізді нәсіп еткей! Әмин!

Төлеби ауданының бас имамы
Үсен Саурбаев

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *