Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Түркістан облысы Төлеби ауданында көпбалалы аналарды ұлықтауға арналған салтанатты шара өтті. Бұл мерекелік жиын – аналардың қоғамдағы орны мен еңбегін бағалап, олардың отбасы мен ел болашағын тәрбиелеудегі өлшеусіз үлесіне құрмет көрсетудің жарқын көрінісі болды.
Салтанатты рәсімге аудан әкімі Еркеғали Әлімқұлов пен аудандық мәслихат төрағасы Нұрлан Қойбағаров қатысып, көпбалалы аналарды мерекемен құттықтады. Олар өз сөздерінде ана – отбасының ғана емес, бүкіл қоғамның тірегі екенін атап өтіп, бала тәрбиесі мен ұлт болашағын қалыптастырудағы аналардың рөлі айрықша екенін жеткізді.
Мерекелік жиында бірқатар аналарға мемлекет тарапынан берілетін жоғары наградалар – «Алтын алқа» және «Күміс алқа» табысталды. Бұл марапаттар көпбалалы аналардың қоғамдағы беделі мен еңбегіне көрсетілген зор құрметтің белгісі. Сонымен қатар өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып жүрген бірқатар нәзік жандыларға облыс әкімінің және аудан әкімінің Алғыс хаттары, аудандық мәслихаттың Құрмет грамоталары табыс етілді.
Салтанатты шара барысында аудандық мәслихат аппаратының бас маманы Феруза Қалтаева да аудандық мәслихаттың Құрмет грамотасымен марапатталды. Әріптесінің еңбегін жоғары бағалаған мәслихат ұжымы оны лайықты марапатымен құттықтап, алдағы қызметіне табыс пен сәттілік тіледі.
Қазақ халқы ежелден ананы ардақтап, отбасының ұйытқысы, ұлт тәрбиесінің негізі деп білген. Бүгінгі таңда да қоғамдағы әйелдердің рөлі артып, олар мемлекеттік қызметте, кәсіпкерлікте, білім мен мәдениет салаларында ел дамуына зор үлес қосып келеді.
Төлеби ауданында өткен бұл мерекелік шара – аналар еңбегін бағалаудың, әйелдерге құрмет көрсетудің және отбасы құндылықтарын дәріптеудің жарқын үлгісі.
8наурыз #ӘйелдерКүні #АлтынАлқа #КүмісАлқа #Төлеби #АналарғаҚұрмет

















