Түркістан облысы Кентау қаласындағы «Turan» арнайы экономикалық аймағында жаңа екі өндіріс орны іске қосылды. «Kentau Cable Industries» компаниялар тобы жүзеге асырған жобалардың қатарында жоғары жылдамдықты интернет желілеріне арналған оптикалық кабель өндіретін «Kentau Cable Industries» зауыты және электр құрал-жабдықтарына арналған металл шкафтарын шығаратын «ElectroCore» зауыты бар.
Жаңа кәсіпорындардың салтанатты ашылу рәсіміне Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, өндіріс орындарының өңір экономикасы үшін маңызына тоқталды.
– Бүгін баршамыз үшін маңызды әрі тарихи сәттің куәсі болып отырмыз. Кентау қаласында жоғары жылдамдықты интернет желілеріне арналған кабель өндіретін және электр құрал-жабдықтарына арналған металл шкафтарын өндіретін заманауи зауыттардың іске қосылуы өңіріміздің өндірістік әлеуетін арттырып, экономикалық дамуына серпін береді. Мемлекет басшысы өндірісті дамытуға, жаңа технологияларды енгізуге, шикізатқа емес, терең өңдеу саласына басымдық беруге және халықты тұрақты жұмыспен қамтуға тапсырма берді. Бүгін іске қосылып отырған кәсіпорындар осы міндеттердің нақты жүзеге асуының айқын көрінісі, – деді облыс әкімі.
Жаңа өндірістердің іске қосылуы Кентау қаласының өнеркәсіптік әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды қадамдардың бірі болып отыр. Екі кәсіпорында жалпы 200-ге жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Бұл ретте өндірістің дамуы жаңа жұмыс орындарын ашумен қатар, отандық өнім көлемін ұлғайтуға және өңірдегі экономикалық белсенділікті арттыруға мүмкіндік береді.
«Kentau Cable Industries» ЖШС жоғары жылдамдықты интернет желілеріне арналған оптикалық кабельдер шығарады. Жобаның құны 1,7 млрд теңгені құрайды. Кәсіпорынның өндірістік қуаттылығы жылына 33 мың шақырым оптикалық кабель және 12 мың шақырым микротүтік пакеттерін өндіруге мүмкіндік береді. Зауытта 100-ге жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылады.
Кәсіпорында кабель өнімдерін шығарудың толық өндірістік циклі жолға қойылған. Өндіріс бағдарламалық басқару жүйесімен жабдықталған автоматтандырылған желілер арқылы жүзеге асырылады. Қолданылатын жабдықтардың компоненттік базасы Siemens, Bosch, ADVANTECH, Panasonic секілді әлемдік жетекші өндірушілердің технологияларына негізделген.
Жобаның тағы бір ерекшелігі – жоғары технологиялық өндіріс арқылы ішкі нарықтың сапалы отандық өнімге деген қажеттілігін қамтамасыз ету. Сонымен қатар кәсіпорынның болашақта өнім түрлерін кеңейтіп, экспорттық әлеуетін арттыруға мүмкіндігі бар.
Екінші өндіріс орны – «ElectroCore» ЖШС электр құрал-жабдықтарына арналған металл шкафтарын өндіреді. Жобаға 1,5 млрд теңге инвестиция тартылған. Кәсіпорынның жылдық өндірістік қуаттылығы 12 мың дана өнім шығаруға жетеді. Мұнда да 100-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылған.
«Kentau Cable Industries» ЖШС мен «ElectroCore» ЖШС директоры Асқар Баймырзаұлы жаңа кәсіпорындардың заманауи технологияларға негізделгенін атап өтті. Оның айтуынша, өндіріс орындарының басты мақсаты – ішкі нарықты сапалы отандық өніммен қамтамасыз ету, өндіріс көлемін кезең-кезеңімен арттыру және экспорттық әлеуетті кеңейту.
Сондай-ақ кәсіпорындарда өнім түрлерін көбейту, өндірісті кеңейту және қосымша жұмыс орындарын ашу жоспарланып отырғаны айтылды. Жоба жетекшісі өндіріс орындарының іске қосылуына қолдау көрсеткен Мемлекет басшысына, Түркістан облысының әкімдігіне және барлық серіктестерге ризашылығын білдірді.
Кентау қаласының өнеркәсіптік әлеуетін арттыру бағытындағы жұмыстар мұнымен шектелмейді. Облыс әкімі жұмыс сапары барысында қалалық өндірістік паркке барып, жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалармен танысты.
Қазіргі таңда Кентау қаласында өндіріс, ауыл шаруашылығы, туризм және басқа да салалар бойынша бірқатар инвестициялық жобаларды іске асыру жоспарланған. Бұрынғы өндірістік кәсіпорындардың пайдаланылмай тұрған ғимараттарын қайта жаңғыртып, жаңа өндіріс орындарына бейімдеу жұмыстары жүргізілуде.
Өндірістік нысандарды жаңғырту және жаңа кәсіпорындарды іске қосу қаланың экономикалық белсенділігін арттыруға, жаңа жұмыс орындарын құруға және жергілікті өндірістің дамуына ықпал етеді. Әсіресе өңдеуші өнеркәсіп саласындағы жобалардың іске асуы Кентаудың өндірістік бағыттағы мүмкіндіктерін кеңейтуге жол ашады.
Облыс әкімі жауапты басқармалар мен қала әкімдігіне инвестициялық жобаларды іске асыру бойынша жүйелі жұмысты жалғастырып, өндіріс орындарының санын арттыруды тапсырды.
Кентауда жаңа өндірістердің ашылуы қаланың өнеркәсіптік әлеуетін күшейтіп, заманауи технологияларға негізделген өндірістерді дамытуға және тұрақты жұмыс орындарын көбейтуге бағытталған жұмыстардың жалғасып жатқанын көрсетеді.