ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ КЕНТАУ ҚАЛАСЫНА ЖҰМЫС САПАРЫМЕН КЕЛДІ

Түркістан облысы әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев Кентау қаласына жұмыс сапарымен келіп, қаладағы бірқатар әлеуметтік және құрылыс нысандарындағы жұмыстардың барысымен танысты.

Жұмыс сапары Қарнақ ауылындағы әлеуметтік нысандарды аралаудан басталды. Облыс әкімінің орынбасары құрылысы аяқталуға жақын Мәдениет үйінің және салынып жатқан спорт кешенінің жұмыс барысын көріп, нысандардың белгіленген талаптарға сәйкес салынуына назар аударды.

Сонымен қатар, Еркебұлан Әбілханұлы қаладағы ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан білім беру және әлеуметтік нысандарды аралады. Атап айтқанда, №7 Кәсіптік колледж, №17 Ә. Науаи атындағы жалпы орта мектеп, Дарын мектебі, «Жұлдыз» балабақшасы және «Жансая» облыстық балаларды оңалту орталығындағы жұмыстардың барысымен танысты.

Нысандарды аралау барысында құрылыс жұмыстарының сапасына ерекше назар аударылды. Анықталған кемшіліктер бойынша жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар беріліп, құрылыс және жөндеу жұмыстарын белгіленген мерзімде әрі сапалы аяқтау қажеттігі айтылды.

Жұмыс сапары аясында Кентау қаласы әкімдігінде арнайы мәжіліс өтті. Жиын барысында облыстық басқарма басшылары қалада атқарылып жатқан жұмыстар мен өзекті мәселелер бойынша баяндама жасады. Күн тәртібінде қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты бірқатар маңызды мәселелер қаралды.

Мәжіліс барысында құрылыс саласындағы жұмыстарды жүйелеу, әлеуметтік нысандарды жаңғырту және абаттандыру бағытындағы міндеттер талқыланды. Сонымен қатар, тұрғындарға қолайлы жағдай жасауға бағытталған жұмыстардың сапалы әрі уақытылы орындалуының маңыздылығы атап өтілді.

Жиын қорытындысы бойынша облыс әкімінің орынбасары көтерілген мәселелерге қатысты жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеді. Атап айтқанда, «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы жұмыстарды күшейту, құрылыс саласындағы жұмыстарды жүйелеу, заңсыз салынған нысандарға зерделеу жүргізу және білім беру ұйымдарындағы құрылыс пен жөндеу жұмыстарын жаңа оқу жылы басталғанға дейін сапалы аяқтау міндеттелді.

Кентау қаласындағы әлеуметтік нысандардың жағдайын жақсарту, құрылыс жұмыстарын сапалы жүргізу және тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *