КЕНТАУДА ЖАЛПЫҚАЛАЛЫҚ СЕНБІЛІК ПЛОГГИНГ ФОРМАТЫНДА ӨТТІ

Кентау қаласында Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» және «Заң мен тәртіп» республикалық бағдарламалары аясында жалпықалалық сенбілік плоггинг форматында ұйымдастырылды.

Ерекше форматта өткен тазалық шарасы жарыс түрінде өткізіліп, оған қала тұрғындары белсенді қатысты. Қатысушылар белгіленген аумақтарды қоқыстан тазартып, қоршаған ортаны қорғауға және қаланың тазалығын сақтауға өз үлестерін қосты.

Плоггинг – жаяу жүру немесе жүгіру барысында қоршаған ортаны қоқыстан тазартуды насихаттайтын экологиялық қозғалыс. Бұл формат салауатты өмір салтын ұстану мен табиғатқа жауапкершілікпен қарау мәдениетін қатар қалыптастыруға бағытталған. Сонымен бірге тұрғындардың экологиялық белсенділігін арттырып, қоршаған ортаны таза ұстауға деген жауапкершілігін күшейтуге мүмкіндік береді.

Тазалық шарасына Кентау қаласы әкімінің орынбасары Болысбек Шәріпбеков пен қала прокурорының орынбасары Турымов Файзулла қатысып, тұрғындармен бірге абаттандыру жұмыстарына атсалысты.

Іс-шара барысында қала әкімінің орынбасары мен қала прокурорының орынбасары тұрғындарды туған қаланың тазалығын сақтауға белсенді қатысуға шақырды. Олар қаланың көркеюі мен тазалығын қамтамасыз ету әрбір тұрғынның ортақ жауапкершілігі екенін атап өтті.

Жалпықалалық сенбілікке мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері, прокуратура және полиция өкілдері, медицина саласының мамандары, жастар мен еріктілер, сондай-ақ қала тұрғындары қатысты. Жалпы саны 1500-ге жуық адам қоғамдық орындар мен көшелерді қоқыстан тазартып, санитарлық тазалық жұмыстарын жүргізді.

Тазалық жұмыстарына 12 арнайы техника жұмылдырылып, нәтижесінде 19 тоннаға жуық қоқыс шығарылды. Қатысушылар белгіленген аумақтарды тазалап, қала аумағының санитарлық жағдайын жақсартуға үлес қосты.

Сенбілік барысында жастардың белсенділігіне де ерекше көңіл бөлінді. Қоршаған ортаны тазалауда белсенділік танытып, көп мөлшерде қоқыс жинаған жастарға арнайы сыйлықтар табысталып, марапаттар берілді.

Мұндай шаралар тұрғындардың экологиялық мәдениетін арттыруға, қоршаған ортаға ұқыпты қарауды қалыптастыруға және қаланы таза әрі абаттандырылған күйде ұстауға бағытталған. Сонымен қатар плоггинг форматы жастарды қоғамдық жұмыстарға белсенді қатысуға және салауатты өмір салтын ұстануға ынталандырады.

Кентау қаласында қоршаған ортаны қорғау, санитарлық тазалықты сақтау және абаттандыру бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады. Қаланың тазалығы мен көркеюіне әрбір тұрғынның қосқан үлесі ортақ нәтижеге бастайтыны атап өтілді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *