ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА ВИЦЕ-МИНИСТРІ ТӨЛЕБИ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНДАРЫМЕН ЖӘНЕ БИЗНЕС ӨКІЛДЕРІМЕН КЕЗДЕСТІ: КӘСІПКЕРЛІКТІ ДАМЫТУ ЖӘНЕ МЕМЛЕКЕТТІК ҚОЛДАУ ШАРАЛАРЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Төлеби ауданында орталық мемлекеттік органдар мен өңір тұрғындары арасындағы кері байланысты нығайту, халықтың әлеуметтік-экономикалық бастамаларын қолдау, сондай-ақ шағын және орта бизнестің әлеуетін арттыру бағытындағы жұмыстар қарқынды түрде жүргізіліп келеді. Мемлекет тарапынан азаматтардың мемлекеттік шешімдер қабылдауға қатысу мүмкіндіктерін кеңейтуге, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы мен «Адал азамат» қағидаттарын өңірде жүйелі түрде жүзеге асыру мақсатында Төлеби ауданы әкімдігінің үлкен мәжіліс залында Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика вице-министрі Ерлан Сағынаевтың аудан тұрғындарымен және бизнес өкілдерімен маңызды кездесуі өтті. Аталған басқосудың ең басты мақсаты – жергілікті тұрғындар мен кәсіпкерлердің көкейінде жүрген өзекті мәселелерін тікелей тыңдау, олардың ұсыныстары мен пікірлерін талқылау, сондай-ақ елдегі әлеуметтік кәсіпкерлікті одан әрі дамыту бағытындағы мемлекеттік саясатты түсіндіру болып табылады. Жиын барысында вице-министр Ерлан Сағынаев мемлекет тарапынан кәсіпкерлік саласына қолайлы инвестициялық және құқықтық жағдай жасау, бизнесті жан-жақты қолдау бағытындағы жұмыстардың жүйелі түрде жалғасып жатқанын ерекше атап өтті. Атап айтқанда, мемлекеттік қолдау шаралары аясында ағымдағы жылдың 31 тамызынан бастап әлеуметтік кәсіпкерлер «Іскер аймақ» бағдарламасына салалық шектеулерсіз толық қатыса алатыны айтылды. Аталған бағдарлама шеңберінде үш жылға дейінгі мерзімге екі жүз миллион теңгеге дейінгі кредиттер бойынша номиналды сыйақы мөлшерлемесінің елу пайызына дейін субсидиялау қарастырылған. Сонымен қатар, бес миллион теңгеге дейінгі қайтарымсыз гранттар, жеңілдікті шарттармен берілетін үй-жайлар және түрлі қаржылық емес қолдау шаралары ұсынылатыны жеткізілді. Мұнымен қоса, вице-министр цифрлық құралдарды дамыту және кәсіпкерлердің жұмысын жеңілдету мәселесіне де кеңінен тоқталды. Атап айтқанда, жасанды интеллект технологиялары негізінде жұмыс істейтін Кәсіпкерлік саласындағы міндетті талаптар тізілімі таныстырылды. Бұл жаңа заманауи сервис кәсіпкерлік қызметке қойылатын барлық заңнамалық талаптарды жүйелеп, бизнес өкілдеріне өз қызмет бағытына қатысты қажетті ақпаратты бір жерден алуға зор мүмкіндік береді. Сондай-ақ жиында әлеуметтік кәсіпкерлікті одан әрі дамыту және мемлекеттік қолдау шараларын жетілдіру мәселелері қызу талқыланды. Осы бағытта Ұлттық экономика министрлігінде әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту мәселелері жөнінде арнайы жұмыс тобы құрылғаны атап өтілді. Кездесу барысында аудандық ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Асхат Райымбеков ауданда кәсіпкерлік, өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы салаларын өркендету бағытында атқарылып жатқан нақты жұмыстарға тоқталып өтті. Атап айтқанда, өнеркәсіп саласында жалпы құны бір жарым миллиард теңгені құрайтын «KazPlast» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жылына тоқсан мың дана қысқы арнайы жұмыс киімдерін өндіретін жаңа тігін фабрикасы іске қосылғаны баяндалды. Сонымен қатар, ағымдағы жылда жалпы құны төрт миллиард теңгені құрайтын екі ірі инвестициялық жобаны жүзеге асырып, он тоғыз жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып отырғаны айтылды. Өңірдің инвестициялық әлеуетін арттыру бағытында да ауқымды жұмыстар атқарылуда: атап айтқанда, Киелітас ауылдық округі аумағындағы жиырма төрт гектар жер телімінде құны жүз он бес миллиард теңгені құрайтын «QazCoilPro» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің алюминий орамдарын өндіретін зауытын іске асыру жоспарланған. Аталған ауқымды жоба жүзеге асырылған жағдайда жүз жиырма жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Басқосу барысында аудан тұрғындары мен кәсіпкерлер тарапынан «Ауыл аманаты» жобасына қатысты бірқатар өзекті сауалдар қойылып, жан-жақты талқыланды. Атап айтқанда, жобаны іске асырудың тиімді тетіктері, көрсетілетін мемлекеттік қолдау шаралары және азаматтардың кәсіпкерлік бастамаларын дамыту мүмкіндіктері жөнінде мәселелер көтеріліп, нақты жауаптар берілді. Жиын соңында аудан тұрғындары мен бизнес өкілдері өздерінің көкейде жүрген ұсыныс-пікірлерін білдіріп, мамандардан толыққанды кеңестер алды, ал көтерілген барлық мәселелер тиісті бағыттар бойынша жұмысқа қабылданып, бақылауға алынды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *