Түркістан облысында Еңбек күні мерекесі қарсаңында қоғамда еңбек адамын дәріптеу, жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру, өңірдегі өндіріс орындарының әлеуетін паш ету және еңбек ұжымдарындағы ұлтаралық татулық пен өзара сыйластықты нығайту бағытындағы ауқымды іс-шаралар жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Мемлекет тарапынан «Адал азамат» қағидаттарын қоғамда берік орнықтыру, жұмысшы кәсіптерінің мәртебесін көтеруге бағытталған стратегиялық бастамаларды өңірде тиянақты жүзеге асыру мақсатында Түркістан облыстық «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы Эльмира Жанғазиева бастаған арнайы жұмыс тобы Сайрам және Төлеби аудандарындағы бірқатар маңызды өндіріс орындарының еңбек ұжымдарымен жүздесіп, кәсіпорындардың күнделікті тыныс-тіршілігімен жан-жақты танысты. Сапар барысында жұмыс тобы ең алдымен Сайрам ауданындағы «CAPABLE GROUP мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігіне барып, балалар жөргектері мен түрлі санитарлық-гигиеналық бұйымдарды шығаратын кәсіпорынның жұмысын көрді. 2021 жылдан бері табысты жұмыс істеп келе жатқан бұл өндіріс орнында бүгінде 86 азамат тұрақты жұмыспен қамтылған. Кәсіпорынның жылдық өндірістік қуаты 170 миллион дана өнім шығаруға толық жетеді, ал шығарылатын сапалы өнімнің бір бөлігі ішкі нарықты қамтамасыз етіп қана қоймай, көршілес Қырғызстан, Өзбекстан және Ресей мемлекеттерінің нарықтарына экспортталуда. Сонымен қатар, жұмыс тобы Ақсу ауылында орналасқан «Завод автотехнологий» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өндіріс орталығында болып, тыныс-тіршілігімен танысты. Ағымдағы жылы іске қосылған бұл заманауи кәсіпорын ауыл шаруашылығы мен ветеринария салаларының қажеттіліктеріне арналған арнайы өздігінен жүретін заманауи техникалар шығарумен айналысады. Аталған жобаға жалпы сомасы 2 миллиард теңге көлемінде инвестиция тартылып, бүгінгі таңда мұнда 35 жергілікті тұрғын тұрақты еңбек етуде, сондай-ақ кәсіпорында өндірісті одан әрі кеңейту және жаңа жұмыс орындарын ашу бағытындағы жұмыстар қарқынды жүргізіліп жатыр. Одан кейін жұмыс тобы Төлеби ауданына арнайы келіп, «KAZPLAST» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарасты тігін фабрикасының жұмысымен танысты. Мұнда әртүрлі салаларға арналған арнайы жұмыс киімдерін өндіру үдерісі жолға қойылған. Ірі фабрикада бүгінде 300-ге жуық адам еңбек етіп, өз кәсіби шеберліктерін көрсетуде. Кәсіпорын жылына 90 мың дана қысқы немесе 150 мың дана жазғы арнайы киімдер топтамасын шығаруға қауқарлы. Бұдан бөлек, Бірінші мамыр елді мекеніндегі «Балмұздақ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің кәсіпорнында 175-тен астам азамат тұрақты жұмыспен қамтылған. Бір өндіріс орнында түрлі этнос өкілдерінің тату-тәтті өмір сүріп, бір мақсат жолында бірлесіп еңбек етуі – қоғамдық келісім мен өзара сыйластықтың, ел бірлігінің ең жарқын көрінісі екендігі атап өтілді. Ұйымдастырылған кездесулер барысында еңбек адамының қоғамдағы айрықша орны, кәсіби шеберлік пен адал жауапкершілік, жұмысшы мамандықтарының өмірдегі маңызы, сондай-ақ аға буынның бай тәжірибесін кейінгі жас ұрпаққа жеткізу және жастарды адал еңбекке баулу мәселелері кеңінен сөз болды.
ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ЕҢБЕК АДАМЫН ДӘРІПТЕУГЕ ЖӘНЕ ЖҰМЫСШЫ МАМАНДЫҚТАРЫНЫҢ БЕДЕЛІН АРТТЫРУҒА БАҒЫТТАЛҒАН МАҢЫЗДЫ КЕЗДЕСУЛЕР ӨТТІ: ТӨЛЕБИ ЖӘНЕ САЙРАМ АУДАНДАРЫНЫҢ ӨНДІРІС ОРЫНДАРЫ АРАЛДЫ