Түлкібас ауданында жолдардың жағдайын жақсарту, су ресурстарын тиімді пайдалану және әлеуметтік нысандардың құрылысын сапалы жүргізу бағытындағы жұмыстар жалғасуда.

Аудан әкімі Асқар Естібаев елді мекендерді аралап, инфрақұрылымдық нысандардың қазіргі жағдайымен және құрылыс жұмыстарының барысымен танысты.

Аудан орталығындағы Досалиев және Грицинин көшелерінің жол жабындыларының тозғаны анықталды. Тұрғындардың өтініштерін ескере отырып, аудан әкімі жауапты мекемелерге Досалиев көшесінде күтіп-ұстауға бөлінген қаражат есебінен жөндеу жұмыстарын жүргізуді, ал Грицинин көшесіндегі бүлінген учаскелерді сапалы қалпына келтіруді тапсырды. Бұл жұмыстар көлік қозғалысының қолайлылығын арттыруға және жол инфрақұрылымын жақсартуға бағытталған.

Аудан басшысы Сартөр және Құлан су қоймаларының жай-күйін де тексерді. Аталған нысандар көктемгі және жауын-шашын кезінде жиналған суды сақтап, оны ауыл шаруашылығында, соның ішінде егістік алқаптарын суаруға пайдалануға мүмкіндік береді.

Қазіргі уақытта Сартөр су қоймасында 700–800 мың текше метр су жиналып, оның толу деңгейі шамамен 80 пайызға жеткен. Сыйымдылығы 1 миллион 400 мың текше метрді құрайтын Құлан су қоймасы толық толған. Су ресурстарын тиімді басқару ауыл шаруашылығын сумен қамтамасыз ету және табиғи қорларды ұтымды пайдалану үшін маңызды.

Су қоймаларын аралау барысында қауіпсіздік мәселелеріне де назар аударылды. Жауапты мекемелерге ескерту тақтайшаларын орнату, тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу және су айдындарындағы қауіпсіздік талаптарының сақталуын бақылау тапсырылды.

Сонымен қатар аудан әкімі Бақыбек мөлтек ауданында салынып жатқан 100 орындық клубтың құрылыс барысымен танысты. Құрылыс кезінде анықталған кемшіліктерді жою және жұмысты белгіленген мерзімде сапалы аяқтау жөнінде тиісті тапсырмалар берілді.

Бұдан бөлек, биыл ауданда төрт фельдшерлік-акушерлік пункттің құрылысын аяқтап, пайдалануға беру жоспарланған. Аудан басшысы медициналық нысандардың құрылыс сапасын бақылап, мердігерлерге жұмыстарды белгіленген талаптар мен мерзімдерге сәйкес орындауды міндеттеді.

Жолдарды жөндеу, су қоймаларын тиімді пайдалану және әлеуметтік нысандарды салу аудан инфрақұрылымын дамытудағы маңызды бағыттардың бірі болып саналады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *