Тұрғындар баспана алу, жерді жекешелендіру, мүгедектік рәсімдеу, кәсіпкерлік мақсатында дүңгіршек орналастыруға рұқсат алу, Ауған соғысы ардагерлеріне әлеуметтік көмек көрсету және жұмысқа қажетті кабинет бөлу жөнінде мәселелер көтерді.
Өтініштердің басым бөлігі тұрғын үйге қатысты болды. Осыған байланысты азаматтарға тұрғын үйге мұқтаж адамдарды есепке алу, кезектілікті жүргізу және баспана бөлу тәртібіне енгізілген өзгерістер түсіндірілді.
2025 жылғы мамырдан бастап тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды есепке қою, кезектілікті жүргізу және тұрғын үй бөлуге қатысты комиссиялардың қызметі «Отбасы банк» АҚ құзыретіне берілген. Ал аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі тұрғын үй құжаттарын рәсімдеу, заңдастыру және өз құзыретіне кіретін басқа да рәсімдерді жүзеге асырады.
Қабылдау кезінде жауапты сала басшылары мен мамандары тұрғындардың сұрақтарына қолданыстағы заңнама аясында түсініктеме берді. Қосымша зерделеуді қажет ететін мәселелер тиісті мемлекеттік органдардың қатысуымен қарастырылып, оларды шешу жолдары пысықталатын болады.
Тұрғындардың өтініштерін қарау жергілікті деңгейдегі әлеуметтік және инфрақұрылымдық мәселелерді анықтауға мүмкіндік береді. Әсіресе тұрғын үймен қамту, кәсіпкерлікке жағдай жасау және коммуналдық салаға қатысты сұрақтарды қолданыстағы тәртіпке сәйкес шешу ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін маңызды.