Сауран ауданының Үшқайық ауылдық округінде қыс-көктем мезгілдерінде болуы мүмкін су тасқынының алдын алу мақсатында дайындық жұмыстары жүргізілуде. Негізгі міндет – өзен арналары мен арықтарды тазалап, су ағысының кедергісіз өтуін қамтамасыз ету және елді мекендерді су басу қаупін азайту.
ӨЗЕН АРНАСЫ МЕН АРЫҚТАР ТАЗАРТЫЛУДА
Теке елді мекеніндегі Қарашық өзенінің 2 шақырымдық арнасын тазалау және реттеу жұмыстары қолға алынған. Сонымен қатар өзеннен тарайтын Оман арық пен Теке арығының 3 шақырымдық бөлігінде механикалық тазалау жұмыстары жүргізілуде.
Жұмыстар барысында өзен арнасы мен арықтардың су өткізу мүмкіндігін жақсартуға басымдық берілуде. Бұл қыс-көктем кезеңінде жауын-шашын мен қар суының жиналуына байланысты туындауы мүмкін қауіптердің алдын алуға бағытталған.
АРНАЙЫ ТЕХНИКАЛАР ЖҰМЫЛДЫРЫЛДЫ
Тазалық және реттеу жұмыстарына аудан тарапынан экскаватор мен трактор жұмылдырылған. Арнайы техникалардың көмегімен өзен арнасы мен арықтардың тиісті бөліктері тазартылып, су өткізу жүйелерінің жағдайы ретке келтірілуде.
Су тасқынының алдын алу шараларын уақытылы жүргізу елді мекендердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Осы бағыттағы жұмыстар Үшқайық ауылдық округіндегі су арналарының қалыпты жұмысын қамтамасыз етуге және тұрғындардың қауіпсіздігін сақтауға бағытталған.
Сауран ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі