БІРЛЕСКЕН ҚАБЫЛДАУДА ТҰРҒЫНДАРДЫҢ ӨТІНІШТЕРІ ҚАРАЛДЫ

Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Қабылдау «Әділет» партиясы Сауран аудандық филиалының мобильді қоғамдық қабылдауымен бірлесіп ұйымдастырылды. Аудан басшысы партияның аудандық филиалының төрағасы Сағынбек Асылбековпен бірге тұрғындардың өтініштерін тыңдап, көтерілген мәселелерді шешу жолдарын талқылады.

ТҰРҒЫНДАР ҚАНДАЙ МӘСЕЛЕЛЕР КӨТЕРДІ?

Қабылдауға келген азаматтар жер учаскелерін рәсімдеу, суармалы жер конкурсына қатысу, жайылымды пайдалану мерзімін ұзарту және кадастрлық құжаттарды реттеу мәселелерін көтерді. Сонымен қатар тұрғын үй алу, жұмысқа орналасу, еңбек құқықтарын қорғау және кәсіп ашуға қатысты өтініштерін жеткізді.

Аудан басшылығы әрбір өтініштің мән-жайын тыңдап, тиісті шешім қабылдау үшін жауапты бөлімдердің қатысуымен мәселелерді қарастыруға назар аударды.

ЕЛДІ МЕКЕНДЕРДІҢ ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫНА ҚАТЫСТЫ ӨТІНІШТЕР

Қазақстанның 30 жылдығы елді мекенінің тұрғындары көшелерге асфальт төсеу, ескі электр бағаналарын ауыстыру және қоғамдық көлік қатынасын ұйымдастыру қажеттігін айтты.

Жауапты бөлімнің мәліметінше, елді мекенді сапалы электр қуатымен қамтамасыз ету мақсатында екі кезеңнен тұратын жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр. Бұл жұмыстар электрмен жабдықтау жүйесін жақсартуға бағытталған.

Игілік ауылының тұрғындары оқушыларды тасымалдау және интернет сапасына қатысты мәселелерді көтерді. Байланыс сапасын жақсарту үшін ұялы байланыс операторларына радиожоспарлау жұмыстарын жүргізу және қосымша базалық станция орнату жөнінде сұраныс жолданған.

Ал Қаражон елді мекенінің тұрғындары көшелерге жарық орнату және балалар ойын алаңын салу туралы өтініш білдірді. Аудан әкімінің тапсырмасына сәйкес, әр ауылдық округте екі мың метрге дейін жарықтандыру желісін орнату жоспарланып отыр.

КӘСІПКЕРЛІК ПЕН ҚОҒАМДЫҚ КӨЛІК МӘСЕЛЕЛЕРІ ДЕ ҚАРАЛДЫ

Бірлескен қабылдау барысында өндіріс ашу, балық өсіруге жер бөлу, газ құю бекетін ұйымдастыру, қоғамдық көлік қозғалысы мен аялдамаларға қатысты мәселелер де талқыланды.

Аудан тұрғындары көтерген ұсыныстар елді мекендердің инфрақұрылымын жақсарту, кәсіпкерлікті дамыту және халыққа қолайлы жағдай жасау қажеттігін көрсетеді.

ӨТІНІШТЕР БАҚЫЛАУҒА АЛЫНДЫ

Қосымша зерделеуді қажет ететін мәселелер бойынша тиісті құжаттар нақтыланып, жауапты мекемелердің қорытындылары мен қаржыландыру мүмкіндіктері ескеріледі.

Мұндай бірлескен қабылдаулар тұрғындардың талап-тілектерін тікелей тыңдауға, өзекті мәселелерді анықтауға және олардың шешілу жолдарын белгілеуге мүмкіндік береді. Аудан басшылығы азаматтардың өтініштерін қарау кезінде жауапты мекемелердің жұмысын үйлестіруге басымдық беріп келеді.

Сауран ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *