ТҰРҒЫНДАР КӨТЕРГЕН МӘСЕЛЕЛЕР ЖЕКЕ ҚАБЫЛДАУДА ҚАРАЛДЫ

Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров тұрғындарды жеке қабылдап, олардың өтініштері мен ұсыныстарын тыңдады. Қабылдау барысында 9 тұрғын жалпы 11 мәселе көтерді. Атап айтқанда, жер телімдерін пайдалану, жұмысқа орналасу, кәсіпкерлікпен айналысу, елді мекендердің инфрақұрылымын жақсарту және электр энергиясының тарифіне қатысты мәселелер талқыланды.

ЖЕР МӘСЕЛЕСІНЕ ҚАТЫСТЫ ӨТІНІШТЕР ҚАРАЛДЫ

Бабайқорған ауылдық округіндегі суармалы жерлер конкурсына қатысты сұраққа түсініктеме берілді. Жергілікті қоғамдастық жиналысының шешімімен конкурс сараптама жұмыстары аяқталғанға дейін уақытша тоқтатылған. Оның қорытындысы мен қайта өткізілу мерзімі туралы қосымша ақпарат беріледі.

Сонымен қатар тұрғындарға жол бойында маусымдық сауда орнын ашу, ауыл шаруашылығын дамыту және өзге де кәсіпкерлік мақсатта жер телімдерін алу тәртібі түсіндірілді. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, мұндай мәселелер белгіленген конкурс немесе аукцион арқылы шешіледі.

ЕГІЗҚАРА ЕЛДІ МЕКЕНІНІҢ ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫ НАЗАРДА

Майдантал ауылдық округіне қарасты Егізқара елді мекенінің тұрғындары ауызсу, электр жарығы және жол мәселелерін көтерді.

Ауызсу мәселесіне қатысты елді мекенге су тұрақты беріліп отырғаны айтылды. Ал электрмен жабдықтау және сыртқы жарықтандыру жұмыстарын ұйымдастыру бағытында «Sauran Solar Power» компаниясы техникалық есеп жүргізіп, жобалық шешімдерді пысықтап жатыр. Жұмыстарды қазан айының соңына қарай бастау жоспарланған.

Тұрғындар көтерген инфрақұрылымдық мәселелерді кезең-кезеңімен шешу үшін тиісті жұмыстардың барысы назарда болады.

ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ ЖӘНЕ КӘСІПКЕРЛІК МӘСЕЛЕЛЕРІ

Қабылдау кезінде жұмысқа орналасуға ниетті азаматтардың өтініштері де қаралды. Оларды жұмыспен қамтуға жәрдемдесу мақсатында өтініштер аудандық Мансап орталығына жолданады.

Бұдан бөлек, электр энергиясының тарифіне қатысты сұрақ көтерген тұрғынға қолданыстағы тариф туралы ақпарат берілді. Әрбір өтініш бойынша мәселенің мән-жайы түсіндіріліп, оны шешу жолдары қарастырылды.

ӨТІНІШТЕРДІҢ ОРЫНДАЛУЫ БАҚЫЛАУДА БОЛАДЫ

Жеке қабылдау қорытындысы бойынша аудан әкімі жауапты бөлімдер мен ауылдық округ әкімдеріне тұрғындардың өтініштерін заңнамада белгіленген тәртіппен қарауды тапсырды. Сонымен қатар әрбір мәселе бойынша қабылданған шешімдер туралы азаматтарға уақытылы хабарлау қажеттігін атап өтті.

Тұрғындарды жеке қабылдау олардың ұсыныстары мен талаптарын тікелей тыңдауға, туындаған мәселелердің шешу жолдарын айқындауға және жергілікті атқарушы органдар мен халық арасындағы байланысты нығайтуға мүмкіндік береді.

Сауран ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *