Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Өңірлік даму департаментінің директоры Нұрлан Мақсұтов жұмыс сапарымен Сауран ауданына келді. Сапар барысында аудан әкімі Мақсат Таңғатаров Бабайқорған ауылдық округінде жүзеге асырылатын «Ауылды дамыту командасы» пилоттық жобасының негізгі бағыттары мен жоспарланған жұмыстарын таныстырды.
ЖОБА АУЫЛ ТҰРҒЫНДАРЫНЫҢ ӘЛ-АУҚАТЫН АРТТЫРУҒА БАҒЫТТАЛҒАН
Аталған бастама Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Қанат Бозымбаевтың тапсырмасына сәйкес қолға алынуда. Тапсырма аясында Ұлттық экономика министрлігіне Жамбыл және Түркістан облыстарының әкімдіктерімен бірлесіп, «Ауылды дамыту командасы» тетігін пилоттық режимде енгізу міндеті жүктелген.
Сауран ауданында жоба Бабайқорған ауылдық округінде іске асырылады. Округ құрамына Бабайқорған, Абай, Үлгілі және Құмайлықас елді мекендері кіреді. Мұнда 6 920 тұрғын және 960 жеке қосалқы шаруашылық бар.
ӘР ОТБАСЫНЫҢ ҚАЖЕТТІЛІГІНЕ САЙ ҚОЛДАУ КӨРСЕТІЛЕДІ
Жұмыс сапары кезінде Нұрлан Мақсұтов жобаны іске асыруға дайындық барысымен және аудандық, ауылдық деңгейде атқарылатын міндеттермен танысты.
Жобаның негізгі ерекшелігі – тұрғындардың әлеуметтік жағдайы мен табыс көздерін зерделеп, әр отбасының қажеттілігіне қарай жеке қолдау жоспарын әзірлеу. Осы арқылы азаматтарды жұмысқа орналастыру, кәсіптік оқуға бағыттау, кәсіп бастауға және мемлекеттік қолдау бағдарламаларына қатысуға жәрдемдесу көзделген.
Команда құрамына жұмыспен қамту, қаржы, құқық, ауыл шаруашылығы және жастармен жұмыс салаларының мамандарын тарту ұсынылған. Мамандар тұрғындарға қажетті құжаттарды рәсімдеу, бизнес-жоспар әзірлеу және жобаларды іске асыру кезеңдерінде сүйемелдеу көрсетеді. Сонымен қатар отбасылармен тікелей жұмыс жүргізіліп, көрсетілген көмектің нәтижесі тұрақты бақылауда болады.
ЖЕКЕ ҚОСАЛҚЫ ШАРУАШЫЛЫҚТАРДЫҢ МҮМКІНДІГІ КЕҢЕЙЕДІ
Пилоттық жобаның басым бағыттарының бірі – D және E санатындағы азаматтарды «Ауыл аманаты» жобасына тарту. Осы мақсатта Бабайқорған ауылдық округіндегі ет бағытындағы «Бауыржан» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің мүмкіндіктерін пайдалану жоспарланып отыр.
Ұсынылған модель бойынша 289 жеке қосалқы шаруашылықтың өнімін кооператив арқылы өткізуін ұйымдастыру және бес адамды жұмыспен қамту көзделген. Бұл ауыл тұрғындарының өндірген өнімін өткізу мүмкіндігін кеңейтіп, шаруашылықтар арасындағы байланысты нығайтуға ықпал етеді.
АУЫЛДЫҢ ӘЛЕУЕТІН ТИІМДІ ПАЙДАЛАНУҒА МҮМКІНДІК
«Ауылды дамыту командасы» пилоттық жобасы тұрғындардың нақты қажеттіліктерін ескере отырып, әлеуметтік қолдау, жұмыспен қамту және кәсіпкерлікті дамыту шараларын өзара үйлестіруге бағытталған. Бабайқорған ауылдық округінде жобаны іске асыру жергілікті шаруашылықтардың әлеуетін тиімді пайдалануға және отбасылардың тұрақты табыс көздерін қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Сауран ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі