ЕСІРТКІГЕ ҚАРСЫ КҮРЕС – ҚОҒАМДЫҚ ЖАУАПКЕРШІЛІК

Төлеби ауданында жасөспірімдер мен жастар арасында есірткі қылмысының алдын алуға бағытталған «Есірткіге жол жоқ!» атты құқықтық-профилактикалық форум өтті.

Аудандық полиция бөлімінің басшысы Нұрдәулет Ажыбековтың ұйымдастыруымен өткен іс-шараға аудандық сот төрағасы Ғани Доғдырбайұлы Байарыстан, прокуратура өкілдері, аудандық білім бөлімінің басшысы Шұға Нұрабаева, ұстаздар мен оқушылар қатысты.

Форум барысында есірткі заттарының заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл, жастар арасында құқық бұзушылықтың алдын алу, салауатты өмір салтын насихаттау және құқықтық мәдениетті қалыптастыру мәселелері талқыланды.

Қатысушылар жас ұрпақты зиянды әдеттерден қорғау үшін тек түсіндіру жұмыстарымен шектелмей, отбасы, мектеп және құқық қорғау органдары арасындағы өзара байланысты нығайтудың маңызын атап өтті.

Рас, есірткіге қарсы күрес – бір ғана мекеменің міндеті емес. Бұл бағытта мемлекеттік органдармен қатар ата-аналар, педагогтер және жалпы қоғам белсенділік танытуы қажет. Себебі жас ұрпақтың қауіпсіздігі мен салауатты болашағы – ел дамуының маңызды кепілі.

Төлебиде өткен форум осы ортақ жауапкершілікті арттыруға және жастардың құқықтық сауатын нығайтуға бағытталған маңызды шаралардың бірі болды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *