Төлеби ауданы ардагерлер кеңесін неге Шымкенттің тұрғыны басқаруы керек болды?
Төлеби ауданы — Түркістан облысындағы мәдениеті мен рухани болмысы терең, тарихи маңызы зор өңір. Бұл ауданда елге еңбегі сіңген, қоғамдық өмірде белсенді болған, бүгінде зейнеткерлік жастағы қадірлі азаматтарымыз жетерлік. Олардың тәжірибесі мен парасаты — жас буынға өнеге, қоғамдық тіршілікке тірек болуға тиіс.
Алайда соңғы кездері аудан ардагерлері кеңесінің төңірегінде көпшілік түсінбеген, көлеңкелі жайттар орын алуда. Соның бірі — Шыңғысбаев Әтірхан есімді азаматтың Төлеби ауданы ардагерлер кеңесінің төрағасы ретінде қызмет атқаруы. Бұл кісі аудан тұрғыны емес, Шымкент қаласынан арнайы “қызметтік” көлікпен күнде қатынап, осы жауапты орынды иеленіп отыр.
Оның бұл қызметке қалай, кімнің шешімімен, қандай негізбен тағайындалғаны — ашық сұрақ. Халықтың қатысуынсыз, кеңес мүшелерінің еркін таңдауынсыз жүргізілген мұндай тағайындау – заңдылық пен әділет қағидаттарына қайшы.
Бұдан да сорақысы – төраға ретінде ауданның дамуына нақты үлес қоспаған, тек шенді-шекпенділерді мадақтаудан басқа іс көрсетпеген бұл азаматтың өзге лайықты тұлғаларды көлеңкеде қалдырып отырғаны.
Біз сұраймыз:
• Неге Төлеби ауданының өз ішінде тұратын, ел құрметтеген ардагерлер бұл қызметке сайланбады?
• Неліктен сырттан келген адамға жағдай жасалып, “қызметтік” көлікпен қамтамасыз етіліп отыр?
• Төраға кімнің мүддесіне жұмыс істеп жүр: халықтың ба, әлде шенеуніктердің бе?
Біз талап етеміз:
- Шыңғысбаев Әтірхан дереу төрағалық қызметтен кетуі тиіс.
- Ардагерлер кеңесі төрағалығына Төлеби ауданында өмір сүріп, нақты еңбек еткен, халық құрметіне бөленген ардагер сайлануы қажет.
- Бұл лауазымды қызметке тағайындау емес, ашық және әділ сайлау арқылы келу – басты талап.
Төлеби ауданының ардагерлері де, жастары да ендігі жерде үнсіз қалмайды. Ардагерлер кеңесі әкімшілік қолшоқпар емес, халықтық сенім мен абыройдың символы болуға тиіс.
Төлеби халқына – әділдік! Ардагерлерге – құрмет! Кеңеске – сенім!
Автор: Лаззат Асанова
Төлеби ауданының тұрғыны, қоғам белсендісі.