Сауран ауданының Бабайқорған ауылдық округінде ауқымды инвестициялық жоба – 10 мың басқа арналған мал бордақылау алаңы мен ет өңдеу кешенінің құрылысы жүріп жатыр. Бұл бастама ауыл шаруашылығы саласын дамытуға және өңірдің экономикалық әлеуетін арттыруға бағытталған.
Жобаның жалпы аумағы – 20 гектар. Мұнда мал бордақылау алаңынан бөлек, мал сою, ет өңдеу және сақтау инфрақұрылымдары салынуда. Құны 3,02 млрд теңгеге бағаланған кешен жеке инвесторлар есебінен қаржыландырылып отыр. Құрылыстың бірінші кезеңі 2025 жылы басталды, ал толық іске қосылуы 2026 жылдың екінші жартысына жоспарланған.
Кешен толық жұмыс істей бастағанда 60-қа жуық тұрақты жұмыс орны ашылып, жергілікті тұрғындар тұрақты жұмыспен қамтылады. Бұл жоба өңірдегі ет өндірісімен қатар, әлеуметтік тұрақтылық пен тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуға да оң ықпал етпек.
Аудан әкімі Мақсат Таңғатаров құрылыс алаңына арнайы барып, атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Аудан басшысы жобаның маңызын атап өтіп, кешеннің іске қосылуы ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуге жол ашатынын жеткізді. Сонымен қатар, бұл жоба Сауран ауданының азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, ішкі нарықпен қатар экспортқа да әлеуеті бар өнім өндіруге мүмкіндік беретінін айтты.
Аталған кешеннің толық іске қосылуы Сауран ауданын ет өндіріп, қайта өңдеп, дайын өнім ретінде нарыққа ұсынатын маңызды аграрлық орталыққа айналдырады. Бұл – өңірдің даму бағытына серпін беретін стратегиялық жоба.

