Сауран ауданында тұрғын үйге арналған жер телімдеріндегі заңсыз кәсіпкерлік нысандар мәселесі талқыланды

Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаровтың төрағалығымен тұрғын үйге арналған жер телімдерінде заңсыз салынған кәсіпкерлік нысандарға қатысты комиссия отырысы өтті. Жиынға аудан прокурорының орынбасары Сухрабжан Каххаров, аудан әкімінің орынбасарлары, тиісті бөлім басшылары, ауыл әкімдері және жергілікті тұрғындар мен кәсіпкерлер қатысты.

Кездесу барысында аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Асылбек Патсаев бірінші мәселе бойынша баяндама жасап, тұрғын үй құрылысына арналған жер телімдерінде кәсіпкерлік мақсаттағы нысандардың салынуы заң талаптарына қайшы екенін жеткізді. Оның айтуынша, мұндай заңсыз құрылыстар елді мекендердің жоспарлы дамуына айтарлықтай кедергі келтіруде.

Келесі мәселе бойынша аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлім басшысының орынбасары Нұрмұхаммед Сұлтанмурат сөз алып, Жаңа Иқан, Ескі Иқан және Шаға ауылдарында атқарылған түсіндіру жұмыстары туралы ақпарат берді. Ол кәсіпкерлермен өткізілген кездесулерде жерді мақсатты пайдалану талаптары мен заң бұзушылықтарға қатысты жауапкершілік жан-жақты түсіндірілгенін атап өтті.

Жиын қорытындысында аудан әкімі сала басшыларына заң бұзушылықтарды жою, түсіндіру жұмыстарын барлық елді мекендерде жалғастыру, халықпен кері байланысты арттыру жөнінде нақты тапсырмалар жүктеді. Сонымен қатар, комиссия тарапынан заңсыз салынған нысандар бойынша шаралар қабылдау қажеттігі айтылып, тиісті іс-шаралар жоспары бекітілді.

About The Author

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *