АНАҒА ҚҰРМЕТ – ҚОҒАМҒА ҚҰРМЕТ

Жетісай ауданының әкімі Серік Үсенұлы Мамытов «8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні» мерекесіне арналған аудандық салтанатты шараға арнайы қатысып, сан түрлі салада табысты еңбек етіп жүрген нәзік жандыларды мерекемен құттықтады. Қоғамның дамуына өзіндік үлесін қосып жүрген аналар мен қыз-келіншектерге ерекше құрмет көрсетіліп, елеулі еңбектері мен жетістіктері жоғары бағаланды.

Іс-шара барысында аудан басшысы әйел-аналардың қоғамдағы орны мен рөліне айрықша тоқталып, отбасының берекесі мен ырысын арттырып, ұрпақ тәрбиесіне зор үлес қосып жүрген аяулы жандарға жылы лебізін білдірді. Алғыс хаттар мен мерекелік гүл шоқтарын табыс етті.

«Берекелі де еңбекқор өңіріміз бүгінде қарқынды дамып келеді. Осы жетістіктердің бастауында сіздердің маңдай терлеріңіз, табандылықтарыңыз бен парасаттарыңыз жатыр. Ұрпақтың ғана емес, ұлттың тәрбиесіне, болашағына қосқан еңбектеріңіз, бейбітшілік пен бірліктің белгісі болған мейірімдеріңіз қашанда жоғары бағаланады. Жылы сөздеріңіз бен адал еңбектеріңіз біз үшін аса қымбат, үлкен өнеге. Көктемнің алғашқы күндерімен бірге келетін айтулы мерекелеріңіз құтты болсын! Дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық пен береке тілеймін!» деді Серік Үсенұлы.

Мерекелік кеште бүгінгі таңда зейнет жасында болса да ұрпақ тәрбиесінен, қоғамдық жұмыстардан шет қалмай, ел өміріне белсенді араласып жүрген ақ жаулықты аналарға да ерекше құрмет көрсетілді. Талай тарихи кезеңдердің куәсі болған, елдің бірлігі мен берекесін сақтауға үлес қосқан аналарға сый-сияпаттар жасалып, ізгі тілектер айтылды. Аудан өнерпаздарының орындаударындағы әсем әндер мен көңілді билер көрермендерге мерекелік көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Айта кетейік, соңғы жылдары ауданда демографиялық көрсеткіштер де айтарлықтай жақсарып келеді. Мәселен, өткен жылы өңірде 4139 сәби дүниеге келіп, «Алтын алқа» иегерлерінің саны 2243-ке, «Күміс алқа» иегердерінің саны 4923-ке жеткен. Одан бөлек, «Батыр ана» атанған аналардың қатары да жыл сайын артып келеді. Бұл – ұлттық құндылықтардың, отбасылық тәрбиенің және аналар еңбегінің қоғамдағы маңызы зор екенін айқын дәлелі.

Жетісай ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *