ТҰРҒЫНДАРДЫҢ ҰЗАҚ ЖЫЛДАР КҮТКЕН МӘСЕЛЕСІ ШЕШІЛДІ: ТӨЛЕБИ АУДАНЫНДА КӨППӘТЕРЛІ ТҰРҒЫН ҮЙЛЕРДІ РЕНОВАЦИЯЛАУ МӘСЕЛЕСІ ОҢ ШЕШІМІН ТАПТЫ

Төлеби ауданында тұрғындардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсарту, тозығы жеткен баспаналар мәселесін кезең-кезеңімен шешу және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы маңызды жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Мемлекет тарапынан халықтың әл-ауқатын арттыруға, сондай-ақ азаматтардың мемлекеттік шешімдер қабылдауға тікелей қатысу мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған реформалар мен бастамаларды өңірде тиянақты жүзеге асыру мақсатында Төлеби ауданы әкімдігі жанындағы тұрғын үй комиссиясының кезекті отырысы тұрғындардың тікелей қатысуымен ашық форматта өтті. Аталған алқалы жиында Ленгір қаласындағы Базарная көшесіндегі №66, №68, №70, №72 және Қ.Дүйсемуратұлы көшесіндегі №77, №79, №81, №83 мекенжайларында орналасқан көппәтерлі тұрғын үйлерді реновациялау мәселесі жан-жақты қаралып, талқылаулар жасалды. Көрсетілген тұрғын үйлердің техникалық жағдайы мен тозу деңгейіне қатысты түйткілді мәселелер бірнеше жылдан бері тұрғындар тарапынан қалалық және аудандық деңгейде көтеріліп келген болатын. Осыған байланысты ұйымдастырылған комиссия отырысында азаматтардың көкейінде жүрген ұсыныс-пікірлері толық тыңдалып, бұл мәселені заң аясында түбегейлі шешудің тиімді жолдары жан-жақты талқыланды. Комиссия отырысын жүргізген төраға, Төлеби ауданы әкімінің орынбасары Бағдатбек Жанғазиев реновациялау жұмыстарын ұйымдастырудың тәртібі, тұрғындардың мүліктік құқықтары мен заңды мүдделері, сондай-ақ жаңа тұрғын үймен қамтамасыз ету шарттары жөнінде қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес егжей-тегжейлі түсіндірме беріп, жиналған тұрғындардың көтерген сауалдарына нақты жауаптар ұсынды. Жиынның қорытындысы бойынша аталған көппәтерлі тозығы жеткен тұрғын үйлерді реновациялау мәселесіне қатысты оң шешім қабылданып, тұрғындардың қуанышына жол ашылды. Бұл – жылдар бойы шешімін таппай келген түйткілді мәселені оңтайлы шешуге және халықтың әлеуметтік әл-ауқатын жақсартуға бағытталған айрықша маңызды қадам болып табылады. Реновациялау үдерісі барысында қолданыстағы барлық заң талаптары қатаң сақталып, тұрғындардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға басымдық берілетін болады, сондай-ақ заңнамада нақты көзделген «бөлме үшін бөлме» қағидаты бұлжытпай сақталады. Реновацияның басты мақсаты – азаматтардың өмір сүру қауіпсіздігін толық қамтамасыз ету, тозығы жеткен ескі тұрғын үй қорын заманауи үлгіде жаңғырту және халықтың тұрғын үй құқықтарын сенімді қорғау болып табылады. Тұрғындардың өтініштері мен ұсыныстарын мұқият тыңдап, оларды әрқашан әділ де заң аясында шешу – жергілікті атқарушы билік органдарының, соның ішінде аудан әкімдігінің басты назарындағы басым міндеттердің бірі. Бүгін қабылданған бұл оң шешім – Ленгір қаласындағы тұрғындардың көптен күткен үмітін ақтап, өзекті мәселесін шешу жолындағы нақты нәтиже екенін айқын көрсетті.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *