Төлеби ауданында орталық мемлекеттік органдар мен өңір тұрғындары арасындағы тікелей кері байланысты нығайту, халықтың әлеуметтік-экономикалық бастамаларын жан-жақты қолдау, сондай-ақ шағын және орта бизнестің әлеуетін арттыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Мемлекет тарапынан азаматтардың мемлекеттік шешімдер қабылдауға қатысу мүмкіндіктерін кеңейтуге, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы мен «Адал азамат» қағидаттарын өңірде тиянақты жүзеге асыру мақсатында Төлеби ауданы әкімдігінің үлкен мәжіліс залында Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика вице-министрі Ерлан Сағынаевтың аудан тұрғындарымен және бизнес өкілдерімен маңызды кездесуі өтті. Аталған басқосудың ең басты мақсаты – жергілікті тұрғындар мен кәсіпкерлердің көкейінде жүрген өзекті мәселелерін тікелей тыңдау, олардың ұсыныстары мен пікірлерін ортаға салып талқылау, сондай-ақ елдегі әлеуметтік кәсіпкерлікті одан әрі дамыту бағытындағы мемлекеттік саясатты халыққа түсіндіру болып табылады. Жиын барысында вице-министр Ерлан Сағынаев мемлекет тарапынан кәсіпкерлік саласына қолайлы инвестициялық және құқықтық жағдай жасау, бизнесті жан-жақты қолдау бағытындағы жұмыстардың жүйелі түрде жалғасып жатқанын ерекше атап өтті. Атап айтқанда, мемлекеттік қолдау шаралары аясында әлеуметтік кәсіпкерлердің «Іскер аймақ» бағдарламасына салалық шектеулерсіз толық қатыса алатыны айтылды. Аталған бағдарлама шеңберінде үш жылға дейінгі мерзімге кредиттер бойынша номиналды сыйақы мөлшерлемесінің елу пайызына дейін субсидиялау қарастырылған. Сонымен қатар, қайтарымсыз гранттар, жеңілдікті шарттармен берілетін үй-жайлар және түрлі қаржылық емес қолдау шаралары ұсынылатыны жеткізілді. Мұнымен қоса, вице-министр цифрлық құралдарды дамыту және кәсіпкерлердің жұмысын айтарлықтай жеңілдету мәселесіне де кеңінен тоқталды. Атап айтқанда, жасанды интеллект технологиялары негізінде жұмыс істейтін Кәсіпкерлік саласындағы міндетті талаптар тізілімі таныстырылды. Бұл жаңа заманауи сервис кәсіпкерлік қызметке қойылатын барлық заңнамалық талаптарды жүйелеп, бизнес өкілдеріне өз қызмет бағытына қатысты қажетті ақпаратты бір жерден алуға зор мүмкіндік береді. Сондай-ақ жиында әлеуметтік кәсіпкерлікті одан әрі дамыту және мемлекеттік қолдау шараларын жетілдіру мәселелері қызу талқыланып, нақты ұсыныстар ортаға салынды. Кездесу соңында аудан тұрғындары мен бизнес өкілдері өздерінің көкейде жүрген ұсыныс-пікірлерін білдіріп, мамандардан толыққанды кеңестер алды, ал көтерілген барлық өзекті мәселелер тиісті бағыттар бойынша жұмысқа қабылданып, қатаң бақылауға алынды.
ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА ВИЦЕ-МИНИСТРІ ЕРЛАН САҒЫНАЕВ ТӨЛЕБИ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНДАРЫМЕН ЖӘНЕ БИЗНЕС ӨКІЛДЕРІМЕН КЕЗДЕСТІ: КӘСІПКЕРЛІКТІ ДАМЫТУ ЖӘНЕ МЕМЛЕКЕТТІК ҚОЛДАУ ШАРАЛАРЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ