Төлеби ауданында өңірдің экономикалық әлеуетін арттыру, инвестициялық жобаларды сапалы жүзеге асыру, халықтың әл-ауқатын жақсарту және елді мекендердің шекараларын айқындау бағытындағы маңызды жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді. Мемлекет тарапынан өңірлерді кешенді дамытуға, жергілікті атқарушы органдар мен мәслихаттың өзара іс-қимылын нығайтуға бағытталған маңызды бастамаларды өңірде тиянақты жүзеге асыру мақсатында Төлеби аудандық мәслихатының кезекті сессиясы өтті. Маңызды жиынға Төлеби ауданының әкімі Еркеғали Әлімқұлов қатысып, ауданда атқарылған ауқымды жұмыстар мен алда тұрған басым міндеттерді жан-жақты таныстырды. Жиын басталмас бұрын сессияға қатысушылар Маңғыстау облысында болған қайғылы оқиға салдарынан қаза тапқан әскери қызметшілердің жарқын естелігін бір минут үнсіздікпен еске алып, рухына тағзым етті. Аудан әкімі орын алған бұл қайғылы жағдайға байланысты қаза болғандардың отбасылары мен жақындарына, сондай-ақ барша қазақ халқына терең қайғырып көңіл айтты.
Сессия барысында аудан әкімі өз есебінде өңірдің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыру, экономикалық көрсеткіштерді жақсарту және қолда бар мүмкіндіктерді барынша тиімді пайдалану бағыттарына кеңінен тоқталды. Еркеғали Амантайұлы ауданның одан әрі қарқынды өркендеуі әрқашан жүйелі әрі бірлескен ортақ жұмысты қажет ететінін қатаң атап өтіп, депутаттарды ел игілігі мен халықтың мүддесі жолында бірлесіп еңбек етуге шақырды. Әсіресе, жаңа инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға, ауданға сыртқы және ішкі жаңа инвесторларды белсенді түрде тартуға және сол арқылы жергілікті бюджеттің кіріс бөлігін ұлғайтуға басымдық берудің маңыздылығын жеткізді. Аудан әкімі өз сөзінде: «Ауданның экономикалық әлеуетін арттыру үшін инвестициялық жобаларды көбейтіп, жаңа инвесторлар тартуымыз қажет. Бұл – жаңа жұмыс орындарын ашуға, өндірісті дамытуға және аудан бюджетінің кіріс бөлігін ұлғайтуға тікелей мүмкіндік береді», – деп атап өтті.
Сессия отырысы барысында халық қалаулылары мен депутаттар күн тәртібіне енгізілген бірқатар маңызды бағыттарды жан-жақты қарап, талқылады. Атап айтқанда, аудан әкімдігінің дербес құрамына келісім беру, Төлеби ауданының Құрмет грамотасымен марапаттау мәселелері, аудандық аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларының құрамына тиісті өзгерістер енгізу, сондай-ақ аудандық мәслихат аппаратының жаңа Ережесін бекіту жөніндегі ұсыныстар қарастырылды. Сонымен қатар, Төлеби ауданының алдағы кезеңге арналған даму бағдарламасына өзгерістер енгізу, аудан әкімдігі жанындағы бірқатар маңызды комиссиялардың құрамдарын және аудандық жер комиссиясының жаңа құрамын бекіту мәселелері назарға алынды. Күн тәртібіндегі ең маңызды бағыттардың бірі – Алатау ауылдық округіне қарасты Алатау, Біркөлік, Екпінді, Жаңа тұрмыс, Қайнар, Қорған, Қосағаш, Нысанбек, Шатыртөбе және Шұбарағаш елді мекендерінің әкімшілік шекараларын өзгерту және белгілеу мәселесі болды. Күн тәртібінде көтерілген барлық ұсыныстар бойынша депутаттар өз пікірлерін ортаға салып, тиісті шешімдер қабылдады. Жиын қорытындысында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуын одан әрі жандандыру, инвестициялық белсенділікті арттыру және тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсарту бағытындағы жұмыстарды бұдан былай да жүйелі түрде жалғастыру қажеттігі атап өтілді.
ТӨЛЕБИ АУДАНЫНЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ДАМУЫ ЖӘНЕ БАСЫМ БАҒЫТТАРЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ: МӘСЛІХАТТЫҢ КЕЗЕКТІ СЕССИЯСЫ ӨТТІ