ҚАРИЯСЫН ҚАДІРЛЕГЕН ЕЛДІҢ ҚҰТЫ АРТАДЫ: ТӨЛЕБИ АУДАНЫНДА ХАЛЫҚАРАЛҚ ҚАРТТАР КҮНІНЕ АРНАЛҒАН САЛТАНАТТЫ МЕРЕКЕЛІК ЖИЫН ӨТТІ

Төлеби ауданында қасиетті Халықаралық қарттар күнін жоғары деңгейде атап өту, ардақты аға буын өкілдеріне айрықша құрмет көрсету, олардың ел дамуына қосқан ерен еңбегін дәріптеу және қоғамдағы ұрпақтар сабақтастығын нығайту бағытындағы ауқымды жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді. Мемлекет тарапынан азаматтардың әлеуметтік әл-ауқатын жақсартуға, ардагерлер мен қарияларға үнемі қамқорлық жасауға бағытталған стратегиялық бастамаларды өңірде тиянақты жүзеге асыру мақсатында 1 қазан – Халықаралық қарттар күніне арналған салтанатты мерекелік жиын аудандағы «Millennium» дәмханасында ұйымдастырылды. Қазақ халқы қашанда өз қариясын асыл қазынасына балап, үлкенін әрқашан төрге оздырған дана ел болып табылады. Ақсақалдың парасатты ақылы мен батасы, ақ жаулықты әженің өнегелі сөзі – кейінгі жас ұрпаққа әрдайым жол сілтер рухани темірқазық болып саналады. Халқымыздың «Қарты бар елдің қазынасы бар», «Үлкенге құрмет – кішіге міндет» деген ұлағатты мақал-мәтелдері осы бір ізгі дәстүріміздің мәнін айшықтай түседі.
Маңызды салтанатты шараға Төлеби ауданының әкімі Еркеғали Әлімқұлов, аудандық мәслихат төрағасы Нұрлан Қойбағаров, аудандық сот төрағасы Ғани Байарыстан, аудан прокуроры Дабыл Аянұлы, аудандық полиция бөлімінің басшысы Нұрдәулет Әжібеков және аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейітхан Ақтаев қатысып, жиналған ардагерлер мен қарияларға жүрекжарды ізгі тілектерін жеткізді. Мерекелік жиында аудан әкімі Еркеғали Амантайұлы аға буын өкілдерін айтулы мерекемен шын жүректен құттықтап, олардың туған елдің өсіп-өркендеуіне, тұрақтылығы мен бірлігіне қосқан елеулі үлесіне жеке-жеке тоқталды. Аудан басшысы өз сөзінде: «Сіздер ауданның өсіп-өркендеуіне өз үлестеріңізді қосып, талай жыл бойы адал әрі абыройлы еңбек еттіңіздер. Бүгінгі бейбіт өмір мен берекелі тіршіліктің негізінде сіздердің маңдай терлеріңіз, қажыр-қайраттарыңыз және елге деген адал қызметтеріңіз жатыр. Әрқайсыңыздың өмір жолыңыз – кейінгі ұрпаққа үлгі, ал ақыл-кеңестеріңіз – елдіктің, бірліктің және адамгершіліктің бағалы мектебі», – деп атап өтті. Сонымен қатар, аудан әкімі ұрпақтар сабақтастығының өте маңызды екенін жеткізіп, аға буын өкілдерінің бай өмірлік тәжірибесі мен тағылымды жолы кейінгі жас буынға әрдайым дұрыс бағыт-бағдар болатынын айрықша атап өтті.
Ауданның қоғамдық-саяси өміріне белсене араласып, ел бірлігі мен қоғамдық келісімді нығайтуға, өскелең ұрпаққа өнегелі тәрбие беруге және өңірдің әлеуметтік-мәдени дамуына сүбелі үлес қосып жүрген бірқатар қадірлі азаматтар мен ардагерлерге аудан әкімінің арнайы Алғыс хаттары салтанатты түрде табысталды. Аудан басшысы марапаттау барысында: «Ел игілігі жолындағы ерен еңбектеріңіз үшін шынайы алғысымды білдіремін. Сіздерге зор денсаулық, қажымас қайрат, ұзақ ғұмыр, отбасыларыңызға амандық, шаңырақтарыңызға бақ-береке тілеймін. Әрдайым елдің құрметіне бөленіп, ұрпақтарыңыздың қызығын көріп, абырой биігінде ғұмыр кеше беріңіздер», – деген тілектерін білдірді. Мерекелік басқосу барысында кең жайылған ақ дастархан басында қарияларға шексіз құрмет көрсетіліп, ізгі лебіздер айтылды. Бұл шара – аға буынға деген айрықша сый-құрметтің және олардың ел өміріндегі ерен еңбегіне деген шынайы ризашылық пен алғыстың жарқын көрінісі болды. Қариясын қадірлеп, ақылын тыңдаған елдің рухы әрқашан биік, бірлігі бекем болары сөзсіз.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *