Түркістан қаласында ұлы ойшыл, сопылық поэзияның көрнекті өкілі Қожа Ахмет Ясауидің рухани мұрасын дәріптеуге арналған аймақтық «Диуани хикмет» хикметтерді жатқа айту байқауы өтті. Тағылымды сайыста Арыс қаласының намысын қорғаған Айзере Бақытбек жоғары нәтиже көрсетіп, І орынға ие болды.
РУХАНИ МҰРАНЫ ҰЛЫҚТАҒАН БАЙҚАУ
Байқаудың басты мақсаты – Қожа Ахмет Ясауидің өнегелі мұрасын жас ұрпақтың бойына сіңіру, жастардың рухани құндылықтарға қызығушылығын арттыру және оларды адамгершілікке, ізгілікке тәрбиелеу.
Қожа Ахмет Ясауидің «Диуани хикмет» еңбегі – түркі халықтарының рухани мәдениетінде айрықша орын алатын құнды мұра. Онда имандылық, адалдық, сабырлылық, мейірімділік пен ізгілік секілді қасиеттер кеңінен насихатталады. Сондықтан хикметтерді жатқа айту байқауы жас буынның рухани дүниесін байытып, тарихи-мәдени мұраға деген құрметін арттыруға бағытталған.
АЙЗЕРЕГЕ ЖЕҢІС ТҰҒЫРЫ БҰЙЫРДЫ
Байқауда өнер көрсеткен Айзере Бақытбек хикметтерді жатқа айту шеберлігін танытып, қазылар алқасының жоғары бағасына ие болды. Нәтижесінде І орын иеленіп, 150 мың теңге көлемінде қаржылай сыйақымен марапатталды.
Арыстық жас өнерпаздың жетістігі – ұлттық және рухани құндылықтарды дәріптеуге қосылған үлес. Айзерені жеңісімен құттықтап, алдағы уақытта да шығармашылық табыс пен биік белестер тілейміз!
Арыс қаласы әкімінің баспасөз қызметі