АРЫСТЫҚТАР РЕСПУБЛИКА КҮНІН САЛТАНАТПЕН АТАП ӨТТІ

Арыс қаласындағы Мәдениет үйінде Республика күніне орай салтанатты мерекелік шара өтті. Жиынға қала әкімі Қайсар Маңқараев, ардагерлер ұйымының өкілдері, қала тұрғындары мен жастар қатысып, елдіктің еңсесін көтеретін айтулы мерекені бірге атап өтті.

ЕГЕМЕНДІК – ЕЛДІГІМІЗДІҢ АЙҚЫН БЕЛГІСІ

Салтанатты жиында сөз сөйлеген қала әкімі Қайсар Маңқараев 1990 жылғы 25 қазанда Қазақстанның мемлекеттік егемендігі туралы декларация қабылданғанын атап өтті. Бұл тарихи құжат еліміздің тәуелсіздікке қарай жасаған маңызды қадамдарының бірі болды.

Қала әкімі Республика күнінің мемлекет үшін маңызына тоқталып, мерекенің ел бірлігі мен ұлттық құндылықтарды дәріптеудегі рөлін атап өтті.

«Бұл күн – мемлекеттік маңызы зор мереке. Сонымен қатар еңбек майталмандары марапат алып, құрмет-қошеметке бөленетін ерекше сәт. Ұлттығымызды ұлықтайтын айтулы мереке еліміздің әрбір шаңырағына шаттық ала келсін», – деді Қайсар Зәкірұлы.

ЕҢБЕК АДАМДАРЫНА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

Мерекелік шара барысында Арыс қаласының дамуына елеулі үлес қосқан еңбек адамдары мен түрлі салада ұзақ жылдар бойы қызмет еткен ардагерлер марапатталды. Бұл – олардың адал еңбегіне көрсетілген құрмет пен қоғам алдындағы қызметіне берілген бағаның белгісі.

Қала әкімі еңбек майталмандарына алғыс білдіріп, қаланың өркендеуіне қосқан үлестерін жоғары бағалады.

«ҮЛГІЛІ ҮЙ» БАЙҚАУЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗДАРЫ АНЫҚТАЛДЫ

Салтанатты жиында тазалық пен абаттандыру бағытындағы жұмыстарды үлгілі ұйымдастырған тұрғындар мен мекемелер де марапатталды. «Үлгілі үй» байқауының қорытындысы бойынша 9 жеке тұрғын үй «Үлгілі үй», 6 аула «Үлгілі аула», 2 мекеме «Үздік мекеме» атанды. Сонымен қатар Әбдіразақов көшесі «Үлгілі көше», ал Монтайтас ауылы «Үлгілі ауыл» деп танылды.

Байқау жеңімпаздарына қаржылай және бағалы сыйлықтар табысталды. Бұл бастама тұрғындардың қоршаған ортаға деген жауапкершілігін арттырып, елді мекендердің тазалығы мен көркеюіне үлес қосатын азаматтарды ынталандыруға бағытталған.

ЖАС ПАТРИОТТАРДЫҢ ЖЕТІСТІГІ ЕЛЕНДІ

Сондай-ақ «Айбын» республикалық әскери-патриоттық жастар жиыны аясында өткен «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының әскери-патриоттық клубтары арасындағы сайыста І орын иеленген «Оңтүстік арландары» клубы Арыс қаласы әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

Қала әкімі клуб мүшелерін жеңісімен құттықтап, олардың табандылығы мен Отанға деген сүйіспеншілігін атап өтті. Жас патриоттарға алдағы уақытта да биік белестерді бағындырып, ел намысын абыроймен қорғауларына тілектестік білдірді.

МЕРЕКЕЛІК КЕШ ӘН МЕН БИГЕ ҰЛАСТЫ

Республика күніне арналған салтанатты шара қалалық Мәдениет үйі өнерпаздарының концерттік бағдарламасымен жалғасты. Сахнада патриоттық әндер шырқалып, ұлттық би қойылымдары ұсынылды. Өнерпаздардың өнері көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлап, мерекенің мазмұнын аша түсті.

Осылайша, Арыста Республика күні еңбек адамдарына құрмет көрсетіліп, ұлттық құндылықтар мен отансүйгіштік идеялары дәріптелген мазмұнды шарамен аталып өтті.

Арыс қаласы әкімінің баспасөз қызметі

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *