АРЫСТА РЕСПУБЛИКА КҮНІНЕ ОРАЙ МЕМЛЕКЕТТІК ТУ КӨТЕРУ РӘСІМІ ӨТТІ

25 қазан – Республика күніне орай Арыс қаласындағы Тәуелсіздік стелласы маңында Мемлекеттік Ту көтеру рәсімі өтті. Ұлттық мерекеге арналған салтанатты шара ел бірлігін нығайту, отансүйгіштік рухты көтеру және мемлекеттік рәміздерге деген құрметті арттыру мақсатында ұйымдастырылды.

КӨК БАЙРАҒЫМЫЗ БИІКТЕ ЖЕЛБІРЕДІ

Салтанатты жиынға қала әкімі Қайсар Маңқараев, зиялы қауым өкілдері, ардагерлер, әскери қызметшілер, дербес бөлім басшылары мен қала тұрғындары қатысты.

Рәсім барысында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұраны орындалып, көк Туымыз салтанатты түрде көтерілді. Көк байрақтың биікте желбіреуі қатысушыларға ерекше рухани әсер сыйлап, ұлттық мақтаныш сезімін арттыра түсті.

Қала әкімі Қайсар Маңқараев жиналған қауымды Республика күнімен құттықтап, мерекенің ел тарихындағы орнына тоқталды. Ол мемлекеттік рәміздерді құрметтеу әрбір азаматтың Отанға деген сүйіспеншілігі мен ел болашағына деген жауапкершілігін танытатынын атап өтті.

ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ СИМВОЛЫ

Мемлекеттік Ту – Қазақстанның тәуелсіздігін, егемендігін және халықтың бірлігін бейнелейтін маңызды рәміздердің бірі. Көк байрақтың әрдайым биікте желбіреуі елдіктің нығаюы мен бейбіт өмірдің символы саналады.

Арыс қаласындағы биіктігі 30 метрлік Тәуелсіздік стелласы да шаһардың көрнекті нысандарының бірі. 2015 жылы бой көтерген ескерткіш тәуелсіздік пен азаттықтың белгісіне айналып, қала тұрғындары үшін ерекше маңызға ие.

Республика күніне арналған Ту көтеру рәсімі елдік пен бірлікті дәріптеп, тұрғындардың патриоттық сезімін нығайтқан тағылымды шара болды.

Еліміз аман, тәуелсіздігіміз тұғырлы, көк байрағымыз әрдайым биікте желбірей берсін!

Арыс қаласы әкімінің баспасөз қызметі

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *