Республика күні қарсаңында «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында Арыс қаласында «Таза жол – таза орта» ұранымен жалпықалалық сенбілік ұйымдастырылды. Тазалық шарасының негізгі мақсаты облыстық маңызы бар автомобиль жолдарының бойын қоқыстан тазартып, қоршаған ортаның көркін жақсарту болды.
ТАЗАЛЫҚ ЖҰМЫСТАРЫНА БАРША ЖҰРТ ЖҰМЫЛДЫ
Сенбілікке қала әкімі Қайсар Маңқараев қатысып, тазалық жұмыстарына белсенді атсалысқан тұрғындар мен мекеме қызметкерлеріне алғысын білдірді. Ол қала тазалығын сақтау әрбір тұрғынның ортақ жауапкершілігі екенін атап өтіп, қоршаған ортаны таза ұстаудың маңыздылығына тоқталды.
Тазалық жұмыстары Арыс–Шымкент тас жолының бойынан басталды. Жол жиегіндегі арамшөптер шабылып, шашылған қоқыстар жиналды. Сонымен қатар жол бойындағы аумақтарды ретке келтіру жұмыстары жүргізілді.
АРНАЙЫ ТЕХНИКАЛАР ЖҰМЫСҚА ЖҰМЫЛДЫ
Сенбілік барысында «Жасыл Арыс» коммуналдық мемлекеттік мекемесі мен «Khazakh Real Stroy» мекемесінің арнайы техникалары пайдаланылды. Олардың көмегімен жолға су шашылып, аумақты тазарту жұмыстары атқарылды. Сондай-ақ қураған ағаштарды отау шаралары жүргізілді.
Тазалық жұмыстарына «Отырар аудандық Орман шаруашылығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің қызметкерлері де белсенді қатысты. Бірлескен жұмыстар жол бойындағы аумақтардың санитарлық жағдайын жақсартуға және айналаны таза ұстауға бағытталды.
ТАЗА ҚАЛА – ОРТАҚ ЖАУАПКЕРШІЛІК
«Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы мұндай шаралар тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастырып, табиғатқа жанашырлықпен қарауға үндейді. Әсіресе, жол бойындағы тазалықты сақтау қала келбетін жақсартумен қатар, қоршаған ортаны қорғауға да ықпал етеді.
Қала әкімдігі сенбілікке қатысқан барлық мекеме ұжымдары мен белсенді тұрғындарға алғыс білдіріп, алдағы уақытта да тазалық шараларына бірлесе қатысуға шақырды.
Арыс қаласы әкімінің баспасөз қызметі