Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаровтың төрағалығымен аудандық мемлекеттік архивтің қызметін ұйымдастыру және мекемелердің құжаттарын архивке өткізу мәселелеріне арналған жиын өтті. Басқосуда жаңадан құрылған мекеменің жұмысын жүйелеу, құжаттарды қабылдау мен сақтау тәртібі, сондай-ақ мемлекеттік мекемелерге әдістемелік көмек көрсету бағыттары талқыланды.
ЖАҢА МЕМЛЕКЕТТІК АРХИВ ҚҰРЫЛДЫ
Аудан әкімінің бастамасымен ұсынылған «Сауран аудандық мемлекеттік архиві» коммуналдық мемлекеттік мекемесі Түркістан облысы әкімдігінің 2026 жылғы 28 мамырдағы №102 қаулысына сәйкес құрылды. Архив С. Тоймахан көшесіндегі 32Б ғимаратында орналасқан.
Мекемені құжаттармен толықтыру көздері ретінде 39 мемлекеттік мекеме белгіленген. Бұл аудан аумағындағы ұйымдардың құжаттарын жүйелі түрде жинақтап, белгіленген тәртіппен сақтау жұмыстарын ұйымдастыруға мүмкіндік береді.
ҚҰЖАТТАРДЫ ЖҮЙЕЛІ САҚТАУҒА БАСЫМДЫҚ БЕРІЛДІ
Жиында ұсынылған мәліметке сәйкес, Сауран ауданына қатысты тұрақты сақталатын құжаттар Кентау өңірлік мемлекеттік архивінде, ал жеке құрам жөніндегі құжаттар Түркістан қалалық мемлекеттік архивінде сақтаулы.
Аудандық мемлекеттік архивтің құрылуы жергілікті мекемелердің құжаттарын бір орталыққа жинақтауға, олардың сақталуын қамтамасыз етуге және архив ісін аудан деңгейінде жүйелі ұйымдастыруға жол ашады.
ҚҰЖАТТАРДЫ РЕТКЕ КЕЛТІРУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖАЛҒАСАДЫ
Басқосу барысында мекемелердің құжаттарын ретке келтіру, істер номенклатурасын әзірлеу және құжаттардың құндылығына сараптама жүргізу мәселелеріне ерекше назар аударылды. Бұл жұмыстар құжаттарды сақтау мерзімдерін дұрыс белгілеуге және архив қорын талапқа сай қалыптастыруға негіз болады.
Сонымен қатар мемлекеттік мекемелерге архив құжаттарын әзірлеу, жүйелеу және тапсыру тәртібі бойынша әдістемелік қолдау көрсету маңызды міндеттердің бірі ретінде қаралды.
Аталған шаралар ауданның құжаттық қорын қалыптастыруға, тарихи деректерді сақтауға және азаматтардың өздеріне қажетті архивтік мәліметтерге қолжетімділігін арттыруға бағытталған.
Сауран ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі