Мақтаарал ауданында азаматтардың өтініштерін қабылдау, тіркеу және қарау сапасын арттыру мәселелері талқыланды. Осыған орай аудан әкімі аппаратының басшысы Нұржан Атақұловтың төрағалығымен 2026 жылдың III тоқсанының қорытындысына арналған жиын өтті.
Басқосуға аудандық дербес бөлімдердің, кенттер мен ауылдық округтердің азаматтардың жолданымдарын тіркеуге жауапты мамандары және бөлімдерге бағынысты мекемелердің өкілдері қатысты. Жиында өтініштермен жұмыс жүргізу барысы сараланып, анықталған кемшіліктерді жою жолдары қаралды.
«Е-ӨТІНІШ» ЖҮЙЕСІНДЕГІ ЖҰМЫС САПАСЫ ТАЛДАНДЫ
Күн тәртібінде «е-Өтініш» ақпараттық жүйесі арқылы келіп түскен өтініштерді тіркеу, белгіленген тәртіппен қарау және өтініш иелеріне жауап беру кезінде анықталған кемшіліктер мен заңнама талаптарының бұзылу фактілері талқыланды.
Аудан әкімі аппаратының әкімшілік, жалпы және мемлекеттік құпияларды қорғау бөлімінің бас инспекторы Нұрман Әбдіқадыров баяндама жасап, азаматтардың жолданымдарымен жұмыс жүргізу барысына жасалған талдау нәтижелерін таныстырды.
ҮШ ТОҚСАНДА 3 707 АРЫЗ-ШАҒЫМ ТІРКЕЛГЕН
Баяндамашының мәліметінше, 2026 жылдың алғашқы тоғыз айында Мақтаарал ауданында жалпы 3 707 арыз-шағым тіркелген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,26 пайызға төмен.
Талдау барысында өтініштердің басым бөлігі Атакент кентінен, сондай-ақ Ж.Нұрлыбаев және Мақтаарал ауылдық округтерінен түскені атап өтілді.
Жиында өтініштерді тіркеу мен қарау кезінде кездесетін олқылықтарға ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, өтініштерді қабылдау және тіркеу тәртібін сақтау, олардың мазмұнын дұрыс айқындау, қарау мерзімдерін бақылау және азаматтарға нақты әрі заң талаптарына сәйкес жауап беру мәселелері түсіндірілді.
ЗАҢ ТАЛАПТАРЫН САҚТАУ МАҢЫЗДЫ
Нұрман Әбдіқадыров өтініштерге жауап әзірлеу барысында жіберілетін қателіктерді жеке-жеке талдап, «е-Өтініш» жүйесімен жұмыс істеу кезінде қолданыстағы заңнама талаптарын қатаң сақтаудың маңыздылығын жеткізді.
Сонымен қатар анықталған кемшіліктердің алдын алу, өтініштерді қарау сапасын жақсарту және жауапты мамандардың кәсіби жауапкершілігін арттыру қажеттігі айтылды. Азаматтардың өтініштерін уақытылы әрі сапалы қарау мемлекеттік органдар жұмысының ашықтығы мен тиімділігін қамтамасыз ететін маңызды бағыттардың бірі екені атап өтілді.
ЖАУАПТЫ МАМАНДАРҒА ҚАТАҢ ЕСКЕРТУ ЖАСАЛДЫ
Жиынды қорытындылаған аудан әкімі аппаратының басшысы Нұржан Атақұлов азаматтардың өтініштерімен жұмыс жүргізу мемлекеттік органдар қызметіндегі маңызды міндеттердің бірі екенін атап өтті.
Ол өтініштерді тіркеу мен қарау кезінде заң талаптарын бұзуға, белгіленген тәртіптен ауытқуға және жауап әзірлеу барысында немқұрайлылық танытуға жол берілмейтінін қатаң ескертті.
Азаматтардың жолданымдарын қарау сапасын арттыру, заң талаптарының орындалуын қамтамасыз ету және тұрғындардың мәселелеріне жауапкершілікпен қарау бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да бақылауда болады.
(с) Мақтаарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі