ОРДАБАСЫ: ҚҰС ШАРУАШЫЛЫҒЫ ДАМЫП, ЖҰМЫРТҚА ӨНДІРІСІ АРТЫП КЕЛЕДІ

Ордабасы ауданында ауыл шаруашылығының маңызды бағыттарының бірі саналатын құс шаруашылығы дамып келеді. Соның ішінде Шұбар ауылдық округіндегі «Абеке» шаруа қожалығы жұмыртқа өндіру ісін жолға қойып, өңірдің азық-түлік нарығын отандық өніммен қамтамасыз етуге үлес қосуда.

70 МЫҢ БАСТАН АСТАМ ҚҰС ӨСІРІЛЕДІ

2021 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан шаруашылықтың негізгі бағыты – тауық жұмыртқасын өндіру. Қожалық төрайымы Күлән Каленқызы Бектұрғанованың жетекшілігімен кәсіпорында бүгінде 70 мың бас тауық өсіріледі. Шаруашылықта тәулігіне 45 мың дана жұмыртқа өндіріліп, тұтынушылар сұранысын өтеуге бағытталған тұрақты жұмыс жүргізілуде.

Өндіріс көлемі құс шаруашылығының аудан экономикасындағы әлеуетін көрсетеді. Сонымен қатар кәсіптің жүйелі дамуы жергілікті жерде ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруді арттыруға мүмкіндік береді.

«ШҰБАР ҚҰС» ӨНІМІ САУДА НҮКТЕЛЕРІНЕ ЖЕТКІЗІЛЕДІ

Шаруашылықтың жұмыртқалары «Шұбар құс» сауда маркасымен тұтынушыларға ұсынылады. Өнімдер Түркістан облысы мен Шымкент қаласындағы базарлар мен сауда нүктелеріне жеткізіліп, тұрғындардың күнделікті сұранысын қамтамасыз етуге үлес қосуда.

Отандық өнімнің нарыққа тұрақты жеткізілуі жергілікті өндірістің маңызын арттырып, тұтынушыларды қажетті азық-түлікпен қамтамасыз етуге ықпал етеді.

АУЫЛ ТҰРҒЫНДАРЫ ТҰРАҚТЫ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТЫЛҒАН

«Абеке» шаруа қожалығының тағы бір маңызды жетістігі – ауыл тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамтуы. Қазіргі таңда шаруашылықта 15 адам еңбек етеді. Бұл ауылдағы жұмыспен қамту деңгейін арттыруға және тұрғындардың тұрақты табыс табуына мүмкіндік беріп отыр.

Ордабасы ауданында ауыл шаруашылығы кәсіптерін дамыту, жергілікті өндіріс көлемін ұлғайту және жаңа жұмыс орындарын сақтап қалу бағытындағы осындай бастамалар ауданның экономикалық әлеуетін нығайтуға үлес қосады.

Ордабасы ауданы әкімінің баспасөз қызметі

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *