ҚАЗЫҒҰРТ: ӘЛЕУМЕТТІК ТӨЛЕМДЕРДІ ТАҒАЙЫНДАУДЫҢ ЖАҢА ТАЛАПТАРЫ ТҮСІНДІРІЛДІ

ҚАЗЫҒҰРТ: ӘЛЕУМЕТТІК ТӨЛЕМДЕРДІ ТАҒАЙЫНДАУДЫҢ ЖАҢА ТАЛАПТАРЫ ТҮСІНДІРІЛДІ

Қазығұрт аудандық мәдениет сарайында 2027 жылдан бастап әлеуметтік төлемдерді тағайындау тәртібіне енгізілетін өзгерістерге арналған ақпараттық-түсіндіру жиыны өтті. Басқосудың негізгі мақсаты – әлеуметтік қолдау жүйесіндегі жаңашылдықтарды түсіндіру, жаңа талаптардың мазмұнын жеткізу және тұрғындар арасында ақпараттық жұмысты тиімді ұйымдастыру.

Жиынға аудан әкімінің орынбасары Мақсат Беркінбай, Түркістан облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Мекенхан Қозыханұлы, мекеме басшылары, ауылдық округ әкімдері мен әлеуметтік сала мамандары қатысты. Кездесу барысында әлеуметтік төлемдерді тағайындау кезінде ескерілетін негізгі өлшемдер мен отбасылардың әлеуметтік жағдайын бағалау тетіктері талқыланды.

Атап айтқанда, Отбасының цифрлық картасы аясында отбасылардың әлеуметтік әл-ауқатын бес санат бойынша бағалау тәртібі түсіндірілді. Бұл жүйе отбасылардың жағдайын зерделеуге, олардың әлеуметтік қолдауға деген қажеттілігін анықтауға және тиісті көмекті ұйымдастыруға бағытталған. 2027 жылдан бастап бірқатар әлеуметтік төлемді тағайындау кезінде азаматтардың әлеуметтік жағдайы мен мұқтаждық деңгейі ескерілмек.

Жиында жаңа талаптарды халыққа түсінікті тілде жеткізу, әлеуметтік осал топтарға жататын отбасылардың жағдайын жан-жақты зерделеу және тұрғындармен тұрақты байланыс орнату мәселелеріне ерекше назар аударылды. Осы бағыттағы жұмыстарды жүйелі жүргізу азаматтардың өзгерістер туралы уақытылы хабардар болуына және әлеуметтік қолдау шаралары жөніндегі ақпараттың қолжетімді болуына ықпал етеді.

Сонымен қатар, жауапты мамандардың ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын сапалы ұйымдастыруының маңыздылығы атап өтілді. Әрбір отбасының әлеуметтік жағдайын ескеру, тұрғындардың сұрақтарына нақты жауап беру және қолданыстағы талаптарды дұрыс түсіндіру әлеуметтік қолдау жүйесінің тиімділігін арттырудағы маңызды міндеттердің бірі екені айтылды.

Жиын қорытындысында әлеуметтік төлемдерді тағайындаудың жаңа тәртібіне қатысты түсіндіру жұмыстарын тиісті деңгейде жүргізу және халықпен өзара байланысты нығайту қажеттігі атап өтілді.

Қазығұрт ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *