Қазығұрт ауданында «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық бастамасы аясында облыстық «Асарлату» акциясы ұйымдастырылды. Ұлттық құндылықтарды дәріптеп, қоршаған ортаны таза ұстауға бағытталған игі шараға екі мыңнан астам адам қатысып, ауыл аумағын абаттандыру мен тазалық жұмыстарына белсенді атсалысты.
Акцияның басты мақсаты – арық-атыздар мен суару каналдарын қоқыстан тазарту, су арналарының кедергісіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету, қоршаған ортаның тазалығын сақтау және тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру. Сонымен қатар, ата-бабадан жалғасқан асар дәстүрі арқылы тұрғындарды ортақ іске жұмылдырып, ел ішіндегі бірлік пен ынтымақты нығайту көзделді.
Ауқымды тазалық жұмыстары Алтынтөбе ауылдық округіне қарасты Қосағаш ауылында өтті. Игі бастамаға 2000-нан астам адам мен 20 бірлік арнайы техника жұмылдырылды. Олардың қатарында 120 ерікті, 930 жергілікті тұрғын және 1050 мемлекеттік қызметші бар. Әртүрлі сала өкілдері мен ауыл тұрғындары бірлесе әрекет етіп, туған жердің тазалығы мен көркеюіне өз үлестерін қосты.
Шара барысында ауылдың санитарлық жағдайын жақсартуға бағытталған бірқатар жұмыс атқарылды. Атап айтқанда, 10 шақырым арық-атыз тазартылып, қосымша 3 шақырым арық қазылды. Сондай-ақ, аумақтан 20 тонна қоқыс шығарылып, ауыл көшелерін көріктендіру мақсатында 1000-ға жуық ағаш көшеті отырғызылды. Бұдан бөлек, 145 ағаштың діңі әктеліп, жасыл желекті күтіп ұстау және елді мекеннің көркін арттыру жұмыстары жүргізілді.
Аталған жұмыстар ауылдың тазалығын сақтаумен қатар, су арналарының қалыпты жұмыс істеуіне және қоршаған ортаның жай-күйін жақсартуға бағытталды. Әсіресе, суару каналдары мен арықтардың тазартылуы ауыл шаруашылығы үшін де маңызды. Себебі су арналарының ашық әрі таза болуы судың еркін ағуына мүмкіндік беріп, суару жүйесінің тиімділігін арттыруға ықпал етеді.
«Асарлату» акциясы – тұрғындарды ортақ іске жұмылдыратын, өзара көмек пен жанашырлықты дәріптейтін тағылымды бастама. Халқымыздың ежелден келе жатқан асар дәстүрі арқылы көпшілік бір мақсатқа бірігіп, елді мекеннің игілігі үшін еңбек етудің үлгісін көрсетті. Мұндай шаралар қоғамда жауапкершілік мәдениетін қалыптастырып, туған жерге деген құрметті арттыруға септігін тигізеді.
Қазығұрт ауданында өткен акция қоршаған ортаны қорғау, елді мекендерді көркейту және ұлттық дәстүрді жаңғырту бағытындағы бірлескен жұмыстың маңызын тағы бір мәрте көрсетті. Тазалықты сақтау әрбір азаматтың ортақ міндеті екенін ескерсек, осындай игі бастамалардың қоғам үшін маңызы зор.
Қазығұрт ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі