ҚАЗЫҒҰРТТА МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІЛЕРГЕ ӘДЕП НОРМАЛАРЫ ТҮСІНДІРІЛДІ

ҚАЗЫҒҰРТТА МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІЛЕРГЕ ӘДЕП НОРМАЛАРЫ ТҮСІНДІРІЛДІ

Қазығұрт ауданында мемлекеттік қызметшілердің әдеп нормаларын сақтауын қамтамасыз ету, қызметтік тәртіпті нығайту және мемлекеттік қызметтің оң имиджін қалыптастыру мәселелеріне арналған кездесу өтті. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің бастамасымен ұйымдастырылған жиынға аудандық мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.

Жиынға Қазығұрт ауданы әкімі аппаратының басшысы, Әдеп жөніндегі уәкілі Қанат Иматов төрағалық етті. Кездесуге аудан әкімдігі аппаратының, барлық ауылдық округ әкімдері аппараттарының және дербес бөлімдердің мемлекеттік қызметшілері қатысып, мемлекеттік қызмет саласындағы өзекті мәселелерді талқылады.

Басқосуда аудан әкімі аппаратының персоналды басқару қызметі бөлімшесінің басшысы Балжан Түбай мемлекеттік қызметшілердің жауаптылығы, тәртіптік көрсеткіштері, басқару тиімділігі және еңбек тәртібін сақтау мәселелері бойынша баяндама жасады. Сонымен қатар, қызметкерлердің жұмыс уақытын бақылауға қатысты СКУД жүйесінің «Е-қызмет» жүйесімен ықпалдастырылуы және оның жұмыс режимін қадағалаудағы маңызы түсіндірілді.

Кездесу барысында мемлекеттік қызметшілердің кәсіби міндеттерін адалдық, әділдік және жауапкершілік қағидаттарына сүйене отырып орындауы қажеттігі атап өтілді. Азаматтармен және әріптестермен қарым-қатынаста сыпайылық, әдептілік, ұстамдылық пен өзара құрмет таныту, сондай-ақ мемлекеттік қызметтің беделіне нұқсан келтіретін әрекеттерге жол бермеу мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Мемлекеттік қызметтегі әдеп талаптарын сақтау – халықтың билік өкілдеріне деген сенімін қалыптастыратын маңызды факторлардың бірі. Осыған байланысты қызметтік міндеттерді орындау кезінде заңдылықты басшылыққа алу, азаматтардың өтініштеріне жауапкершілікпен қарау және қызметтік өкілеттіктерді жеке мүдде үшін пайдаланбау қажеттігі айтылды.

Жиында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, мүдделер қақтығысына жол бермеу, қызметтік және еңбек тәртібін сақтау мәселелері де кеңінен қарастырылды. Бұдан бөлек, қызметтік автокөліктерді тиімді әрі үнемді пайдалану, оларды тек белгіленген қызметтік мақсаттарда қолдану жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Кездесу соңында аудан әкімі аппаратының басшысы, Әдеп жөніндегі уәкілі Қанат Абдурахманұлы қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру әділетті мемлекет құрудың маңызды тетіктерінің бірі екенін атап өтті. Сондай-ақ мемлекеттік қызметшілердің әдеп нормаларын сақтауы, кәсіби біліктілігі мен жауапкершілігі мемлекеттік органдар жұмысының сапасына тікелей әсер ететінін жеткізді.

Жиын қорытындысында мемлекеттік қызметшілердің құқықтық және әдеп мәдениетін арттыру, қызметтік тәртіпті нығайту, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және мемлекеттік қызметтің оң имиджін қалыптастыру бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастырудың маңыздылығы атап өтілді.

Қазығұрт ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *