ҚАЗЫҒҰРТ: ТАБИҒИ ГАЗ – АУЫЛ ТҰРҒЫНДАРЫНА ҮЛКЕН ҚУАНЫШ

ҚАЗЫҒҰРТ: ТАБИҒИ ГАЗ – АУЫЛ ТҰРҒЫНДАРЫНА ҮЛКЕН ҚУАНЫШ

Қазығұрт ауданында елді мекендерді табиғи газбен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Аудан әкімі Азизхан Исмаилов Қарабау және Шарбұлақ ауылдық округтеріне арнайы барып, жаңадан қоныстанған тұрғын үйлерді табиғи газға қосу барысымен танысты. Сонымен қатар атқарылған жұмыстардың нәтижесін көріп, ауыл тұрғындарымен бірге көптен күткен қуанышты жаңалықтың куәсі болды.

Нақтырақ айтқанда, Шарбұлақ елді мекеніндегі Желтоқсан көшесінде орналасқан 110 тұрғын үйге және Сынтас елді мекеніндегі Бәйдібек көшесінде орналасқан 120 тұрғын үйге табиғи газ берілді. Осылайша, жалпы саны 230 тұрғын үй көгілдір отынға қол жеткізіп, ауыл тұрғындарының тұрмыстық жағдайын жақсартуға мүмкіндік туды.

Табиғи газдың берілуі ауыл тұрғындары үшін маңызды оқиғалардың бірі болды. Енді тұрғындар үйлерін жылытуда және күнделікті тұрмыстық қажеттіліктерін өтеуде қолайлы жағдайға ие болады. Бұл өз кезегінде халықтың өмір сүру сапасын арттырып, елді мекендердің инфрақұрылымын дамытуға оң ықпал етеді.

Аталған нысандардағы құрылыс-монтаж жұмыстарын мердігер «Канай» өндірістік кооперативі жүзеге асырды. Екі жобаның жалпы құны 175 миллион теңгені құрайды. Жұмыстардың нәтижесінде жаңадан қоныстанған көшелердегі тұрғын үйлерді табиғи газбен қамтамасыз ету мәселесі шешімін тапты.

Ауыл тұрғындары көптен күткен игіліктің жүзеге асқанына қуанышты екендіктерін жеткізді. Олар табиғи газдың тұрмысқа қолайлылық әкеліп қана қоймай, уақыт пен күшті үнемдеуге де мүмкіндік беретінін атап өтті. Сондай-ақ мәселенің оң шешілуіне ықпал еткен аудан басшылығына және атсалысқан азаматтарға ризашылықтарын білдірді.

Қазығұрт ауданында табиғи газбен қамту деңгейін арттыру жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Қазіргі таңда аудандағы 61 елді мекеннің 55-і табиғи газ жүйесіне қосылған. Бұл жалпы көрсеткіштің 90,1 пайызын құрайды.

Бұдан бөлек, Атажұрт және Еңбекші елді мекендерінде табиғи газ тарту жұмыстары жүргізілуде. Жоспарға сәйкес, жыл соңына дейін газбен қамтылған елді мекендердің санын 57-ге жеткізу көзделген. Нәтижесінде аудан бойынша табиғи газбен қамту деңгейі 93,4 пайызға дейін артады деп күтілуде.

Табиғи газ инфрақұрылымын дамыту – ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған маңызды қадам. Жаңа көшелердің көгілдір отынға қосылуы Қазығұрт ауданындағы елді мекендерді дамытуға, халыққа қолайлы жағдай жасауға және инженерлік инфрақұрылымды жетілдіруге негіз болады.

Қазығұрт ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *