Қазығұрт ауданында аудан әкімі Азизхан Исмаиловтың төрағалығымен кезекті аппарат мәжілісі өтті. Жиынға аудан әкімінің орынбасарлары, аппарат басшысы, ауылдық округ әкімдері, дербес бөлімдер мен жауапты мекемелердің басшылары қатысып, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты бірқатар маңызды мәселені талқылады.
Аппарат мәжілісінің күн тәртібіне аудан бюджетінің орындалуы, денсаулық сақтау саласындағы өзекті мәселелер және ветеринариялық нысандардың қазіргі жай-күйі енгізілді. Сонымен қатар, инфрақұрылымды дамыту, жауапты мекемелердің жұмыс тиімділігін арттыру және белгіленген міндеттердің уақытылы орындалуын қамтамасыз ету мәселелеріне назар аударылды.
Алғашқы мәселе бойынша аудан бюджетінің сегіз айдағы орындалу қорытындылары қаралды. Жауапты мамандар бюджет қаражатының игерілу барысы туралы есеп беріп, алдағы кезеңге арналған міндеттерді баяндады. Бюджет қаражатын тиімді пайдалану, жоспарланған көрсеткіштерге қол жеткізу және қаржылық тәртіпті сақтау мәселелері талқыланды.
Күн тәртібіндегі келесі мәселе денсаулық сақтау саласына арналды. Жиында аудандағы медициналық қызмет көрсету сапасы, салада кездесетін өзекті мәселелер және оларды шешу жолдары қарастырылды. Тұрғындарға көрсетілетін медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру мен саладағы жұмыстарды жетілдіру қажеттігіне назар аударылды.
Бұдан бөлек, аудан аумағындағы ветеринариялық нысандардың жағдайы кеңінен талқыланды. Атап айтқанда, ветеринариялық бекеттердің, Беккери шұңқырларының және қашырым пункттерінің жай-күйі, сондай-ақ жаңадан салынып жатқан нысандардың құрылыс барысы қаралды. Бұл бағыттағы жұмыстардың сапалы жүргізілуі, ветеринариялық инфрақұрылымды дамыту және нысандардың белгіленген талаптарға сәйкестігін қамтамасыз ету мәселелері көтерілді.
Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша жауапты сала басшыларының есептері тыңдалып, атқарылған жұмыстардың нәтижелері сараланды. Әр бағыт бойынша алдағы міндеттер айқындалып, туындаған мәселелерді шешуге қатысты ұсыныстар қарастырылды.
Жиын қорытындысында аудан әкімі Азизхан Әзімханұлы жауапты бөлімдер мен ауылдық округ әкімдеріне нақты тапсырмалар беріп, олардың орындалуын тұрақты бақылауда ұстауды міндеттеді. Сонымен қатар, аудан көлемінде атқарылып жатқан жұмыстардың тиімділігін арттыру, жоспарланған көрсеткіштерге белгіленген мерзімде қол жеткізу және заң талаптарының қатаң сақталуын қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті.
Аудан басшысы тұрғындарға көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасын жақсарту, жауапты мекемелер арасындағы үйлесімді жұмысты нығайту және әрбір тапсырманың нәтижесіне басымдық беру керектігін жеткізді. Тиісті сала басшыларына жүктелген міндеттерді сапалы әрі уақытылы орындау тапсырылды.
Аппарат мәжілісінде қаралған мәселелер ауданның негізгі салаларындағы жұмыстарды үйлестіруге, анықталған проблемаларды шешуге және басқару тиімділігін арттыруға бағытталды.
Қазығұрт ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі