Түркістан облысында биыл «Өңірлік жұмыспен қамту картасы» аясында 118 мыңнан астам жұмыс орнын ашу жоспарланып, қазіргі таңда 104 635 жұмыс орны құрылды.
Өңір тұрғындарын жұмыспен қамту бағытында жыл басынан бері атқарылған жұмыстар, кемшіліктер мен өзге де түйткілді мәселелер Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаевтың төрағалығымен өткен жиында талқыланды.
Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаеваның 2024 жылдың 10 айының қорытындысы туралы есебі тыңдалды. Ұлттық жобалар мен тұжырымдамалар негізінде инфрақұрылымдық жобаларда ашылған жұмыс орындарына жолданған азаматтардың міндетті зейнетақы жарнасының аударылуы бойынша республикада 4 орынға орналасты.
Субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастыру, Жастар практикасы, мүгедектігі бар адамдарды жұмыспен қамту квотасы бағыттары бойынша төмен көрсеткіштер барын жасырмады. Облыс әкімінің орынбасары жоспарды тиісті деңгейде атқармаған Бәйдібек, Мақтаарал, Жетісай, Отырар, Сауран аудандарының мәселелері жеке-жеке қаралып, кемшіліктерді түзетуге уақыт берді.
Мәжілісте Түркістан облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қарасты Еңбек мобильділігі орталығының директоры Абзал Казанкаповтың баяндама жасады. Биыл субсидияланатын жұмыс орындарына 31 208 адамды жұмысқа жолдау жоспарланып, нақты 32 578 адам жұмыспен қамтылған. Жаңа және бос жұмыс орындары бойынша 39,1 мың тұрақты жұмыс орны ашылды. Ұлттық жобалар аясында 2024 жылы 397 жобаны жүзеге асыру жоспарланса оның 362-сі орындалған. 3671 жаңа жұмыс ашу межеленіп, 3106 азамат жұмысқа орналасты.
Бұдан бөлек, «Жастар практикасы» және «Күміс жас» жобалары, қоғамдық, әлеуметтік және алғашқы жұмыс орындарымен жергілікті тұрғындарды қамту, пробация есебінде тұрған немесе бас бостандығынан айырылған, тұл жетімдер мен мүгедектігі бар азаматтарды жұмыспен қамту бойынша аудан, қалалардағы жұмыстар сараланып, индикаторлардың орындалуы қаралды.
Еңбек мобильділігі орталығы тарапынан мемлекеттік қайтарымсыз грант қаражатының нысаналы жұмсалуына тұрақты мониторинг жұмыстары жүргізілуде. Бүгінде 2023 жылы грантпен қамтылған 23 азаматтың қаржыны мақсатсыз пайдаланғаны анықталып, мемлекетке қайтару бойынша сот шешімі шықты. Қаражатты қайтару жұмыстары жүргізілуде.
Ал ақылы қоғамдық жұмыс орындарына жіберілген 575 азаматпен еңбек тәртібін сақтамағаны үшін келісімшарт біржақты тоқтатылды. Субсидияланған жұмыс орындарына жолданған 2517 азаматпен де келісімшарт үзілді.
Бейсен Дәулетұлы «Мансап» орталықтарындағы кадрлардың біліктілігін арттыруға аса мән беруді, жұмысты жандандыру бойынша ұсыныс-пікірлерге ашық екенін жеткізді. Жоспарды тиісті деңгейде орындамаған жауапты басшыларға сын айтып, кемшіліктерге жол бергендерге тиісті шара көрілетінін ескертті.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
Новости Казахстана