Төлеби ауданында қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз ету, өскелең ұрпақты зиянды әдеттерден сақтау, сондай-ақ есірткі қылмыстары мен нашақорлықтың кез келген көріністерінің түп-тамырымен алдын алу бағытындағы кешенді жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді. Мемлекет тарапынан «Әділетті Қазақстан» құру, салауатты ұлт қалыптастыру және заң мен тәртіп үстемдігін қамтамасыз ету жөніндегі стратегаялық маңызды бастамаларды өңірде тиянақты жүзеге асыру мақсатында Төлеби ауданы әкімдігі жанындағы нашақорлықтың профилактикасы және есірткі қылмыскерлігіне қарсы іс-қимыл жөніндегі мемлекеттік органдардың қызметін үйлестіру жөніндегі ведомствоаралық штабтың кезекті отырысы ұйымдастырылды. Маңызды жиында қоғамдық орындарда және интернет кеңістігінде есірткі құралдарының таралуына қатаң түрде жол бермеу, соның ішінде жастар арасында есірткі заттарын жарнамалау мен насихаттау әрекеттерінің алдын алу және олардың жолын кесу бағытында атқарылған жұмыстар жан-жақты талқыланды. Күн тәртібіндегі негізгі мәселе бойынша Төлеби аудандық полиция бөлімінің басшысы Нұрдәулет Ажибеков арнайы баяндама жасап, қазіргі таңда есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бағытында атқарылып жатқан шаралар мен профилактикалық жұмыстардың нақты барысына егжей-тегжейлі тоқталды. Бұдан бөлек, жиында есірткіге тәуелділіктен зардап шегетін азаматтарға тиісті медициналық және әлеуметтік көмек көрсету, қоғамда үлкен алаңғушылық тудырып отырған «дәріханалық нашақорлықпен» күрес жүргізу, құрамында күшті әсер ететін қауіпті дәрілік препараттарды дәрігердің ресми рецептісінсіз заңсыз сату деректерін анықтау және олардың алдын алу мәселелері жіті қаралды. Аталған сала бойынша Төлеби аудандық ауруханасының бас дәрігері Қарлығаш Умарова баяндама жасап, атқарылған іс-шараларды ортаға салды. Сондай-ақ, отырыста аудан көлеміндегі қала және барлық ауылдық округтерінде нашақорлыққа, есірткі бизнесіне қарсы іс-қимылдарға бағытталған профилактикалық қызметтердің жүзеге асырылу барысы қызу талқыланды. Осы бағытта Ленгір қаласының әкімі Мақсат Жұмабаев пен Көксәйек ауылдық округінің әкімі Асқарбай Саулембаев өздеріне қарасты аумақтарда атқарылып жатқан жұмыстар туралы есеп берді. Алқалы жиынды қорытындылау барысында жауапты мекемелер мен сала басшыларына есірткі қылмысының алдын алу бағытындағы жұмыстарды бұрынғыдан да күшейту, тұрғындар, әсіресе жастар арасында түсіндіру шараларын жүйелі түрде жүргізу және мемлекеттік органдар арасындағы өзара іс-қимылды одан әрі нығайту жөнінде нақты тапсырмалар берілді. Жалпы нашақорлықтың алдын алу мәселесі – барша қоғам қауіпсіздігін сенімді қамтамасыз етудің ең маңызды бағыттарының бірі болып табылатындықтан, бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасын табатын болады.
ЕСІРТКІГЕ ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ ЖӘНЕ НАШАҚОРЛЫҚТЫҢ АЛДЫН АЛУ ШАРАЛАРЫ КҮШЕЙТІЛДІ: ТӨЛЕБИ АУДАНЫНДА ВЕДОМСТВОАРАЛЫҚ ШТАБТЫҢ КЕЗЕКТІ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ