ОРДАБАСЫ: ҰЛАҒАТТЫ ҰСТАЗДАРҒА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

Ордабасы ауданында Ұстаздар күніне орай білім саласының қызметкерлері мен ардагер педагогтерге арналған «Ұстазға құрмет – ұрпаққа өнеге» атты салтанатты іс-шара өтті. Мерекелік кеш ұстаздардың қоғамдағы ерекше орнын дәріптеп, олардың ұрпақ тәрбиесі мен білім беру жолындағы еңбегіне құрмет көрсетуге арналды.

Аудандық Мәдениет үйінде өткен салтанатты жиынға аудан әкімі Азат Оралбаев, аудандық мәслихат төрағасы Бақдаулет Жұмабеков, аудан прокуроры Жасұлан Қонарбаев, Түркістан облысының білім және ғылым қызметкерлері жергілікті кәсіптік одағының төрағасы Бахыт Еркінбек, білім саласының ардагерлері, мектеп директорлары мен ұстаздар және үздік педагогтер қатысты.

ҰСТАЗ ЕҢБЕГІ – ҰРПАҚ БОЛАШАҒЫНЫҢ НЕГІЗІ

Мерекелік кеш ұстаздарға арналған арнайы бейнероликпен ашылды. Онда өңірдің білікті басшылары мен елге танымал тұлғалардың педагогтер қауымына жолдаған құттықтаулары мен ізгі тілектері көрсетілді.

Салтанатты жиында аудан әкімі Азат Оралбаев білім саласының қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, ұстаздық мамандықтың қоғамдағы маңызына тоқталды.

«Ұстаз – ұлттың болашағын тәрбиелейтін ұлы мамандық иесі. Сіздер шәкіртке білім беріп қана қоймай, оның бойына адамгершілік, отансүйгіштік, жауапкершілік пен еңбекқорлық секілді асыл қасиеттерді сіңіресіздер. Әр баланың жүрегіне жол тауып, оның болашағына бағыт-бағдар беру – үлкен жауапкершілік әрі зор еңбек. Сондықтан ұстазға көрсетілген құрмет – білімге, ұрпаққа, елдің ертеңіне көрсетілген құрмет», – деді аудан әкімі.

БІЛІМ БЕРУ САЛАСЫНА ҚОЛДАУ КҮШЕЙТІЛУДЕ

Аудан басшысы білім беру саласындағы мемлекеттік қолдаудың маңызын атап өтіп, білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайту және оқушыларға қолайлы жағдай жасау бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

Биыл облыстық бюджет есебінен Ордабасы ауданында үш жалпы орта мектеп пайдалануға беріліп, алты мектепте ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар білім ошақтарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға 450 миллион теңге бөлінді.

Оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында білім беру ұйымдарында бейнебақылау камералары мен дабыл жүйелері орнатылып, тиісті қауіпсіздік жүйелері полицияның жедел басқару орталығымен интеграцияланды.

Аталған жұмыстар мектептердің материалдық жағдайын жақсартуға, қауіпсіз білім беру ортасын қалыптастыруға және ұстаздардың кәсіби қызметіне қолайлы жағдай жасауға бағытталған.

ҮЗДІК ПЕДАГОГТЕР МАРАПАТТАЛДЫ

Мерекелік жиында аудандық мәслихат төрағасы Бақдаулет Жұмабеков ұстаздарды кәсіби мерекелерімен құттықтап, олардың білім мен тәрбие жолындағы еңбектеріне алғыс білдірді. Ал білім және ғылым қызметкерлері жергілікті кәсіптік одағының төрағасы Бахыт Еркінбек педагогтерге ізгі тілегін жеткізіп, бірқатар ұстазды марапаттады.

Шараның маңызды сәттерінің бірі – білім саласында ұзақ жылдар бойы еңбек етіп, шәкірт тәрбиелеуге үлес қосқан педагогтерді марапаттау рәсімі болды. Бірқатар ұстазға Ыбырай Алтынсарин атындағы төсбелгі, «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісі, Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттар табысталды.

Бұл марапаттар педагогтердің кәсіби жетістіктерін бағалап, олардың қоғам алдындағы еңбегіне көрсетілген құрметтің белгісіне айналды.

АРДАГЕР ҰСТАЗДАРҒА ІЗЕТ КӨРСЕТІЛДІ

Мерекелік кеште ұстаздық жолды өмірінің мәніне айналдырған ардагер педагогтерге де ерекше құрмет көрсетілді. Ауданның Құрметті азаматы, білім саласының ардагері Замира Маханава ұстаздар қауымына ақжарма тілегін арнап, жас мамандарға батасын берді.

«Ұстаздық – жүрекпен таңдалатын мамандық. Ұрпақ тәрбиесіне ғұмырыңызды арнаған әрбір ұстаздың еңбегі елдің ертеңіне қосылған үлес деп білемін. Баршаңызға шәкірттеріңіздің жетістігін көріп, еңбектеріңіздің жемісін көруге жазсын», – деді ардагер ұстаз.

Ардагерлердің өнегелі жолы мен тәжірибесі жас педагогтер үшін маңызды үлгі екені айтылып, ұстаздар сабақтастығының маңызы айқындалды.

ӨНЕРПАЗДАР ҰСТАЗДАРҒА ӘННЕН ШАШУ ШАШТЫ

Мерекелік бағдарлама концерттік қойылымдармен жалғасты. Кеш барысында «Ұстаздар бейнесі» көрмесі ұйымдастырылып, өнер мектебінің домбырашылары күй орындады. Ұстаздардан құралған хор ұжымы да мерекелік ән шырқап, көрермендерге ерекше көңіл күй сыйлады.

Туған жерден түлеген өнерпаздар ұстаздарға арнап ән орындады. «Шаншар» театрының әртістері әзіл мен әуенді үйлестірген қойылым ұсынып, көпшіліктің көңілін көтерді. Сонымен қатар Шымкент қаласындағы Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрының ұжымы арнайы қойылым көрсетіп, мерекелік кештің мазмұнын байыта түсті.

Ұстаздарға арналған тағылымды кеш олардың еңбегіне деген құрметті арттырып, білім мен тәрбие саласындағы ортақ құндылықтарды дәріптеді. Шара соңында барша педагогке зор денсаулық, отбасыларына амандық, шығармашылық ізденіс пен кәсіби табыс тілектері айтылды.

(с) Ордабасы ауданы әкімінің баспасөз қызметі

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *